Көрерменнің талғамын түсіретін театрлар өте қорқынышты, тіпті қауіпті – театр сыншысы - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көрерменнің талғамын түсіретін театрлар өте қорқынышты, тіпті қауіпті – театр сыншысы

Көрерменнің талғамын түсіретін театрлар өте қорқынышты, тіпті қауіпті – театр сыншысы

Қазір сатиралық театрлардың көпшілігі жеңіл әзіл-қалжыңға қарай ойысып бара жатыр. Онда актерлік ойын азайып кетті. Кейбір ұжымдарда көңілді тапқырлар клубынан не түрлі той-томалақтан танымал болған әртістер басым деген пікірлер айтылып жүр

  • 1 Қараша 2016
  • 2257
Фото - Caravan.kz

Осы тұрғыда белгілі сыншы, мәдени сарапшы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова Caravan.kz тілшісіне өз пікірін білдірді.

Әлия БөпежановаӘлия Бөпежанова

— Қазір әзіл-ысқақ театрларының саны бар, сапасы сын көтермейді деп көп айтылып, жазылып жүр. Театр сыншысы ретінде сіздің ойыңыз қандай?

— Қазір әзіл-ысқақ театрлары көп. Бәрі бірдей деп айтуға болмайды. Жұрт сүйіп көретіндері бар. Мысалы, ОҚО-да әзіл-ысқақ кәсіби театры бар. Ақтөбеде «Екі езу» театры бар. Астанада Тұрсынбек Қабатовтың театры бар. Тамашаны басқаша құрған Асылбек Боранбайдың театры бар. Жалпы қазір әзіл-ысқақ театрлары жан-жақты. Негізінен бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелерін көтереді. Бірақ бір айтатын мәселе олар қоғамдық әлеуметтік мәселелерден көрі отбасы-ошақ қасы, тілді дұрыс айтпау, құда-құдағилар сияқты жеңіл-желпі тақырыптарды шиырланқырап қалып жүр. Көпке топырақ шашуға да болмайды. Мысалы, Қабатовтың театры кейде өткір мәселелерді көтереді. ОҚО театры кәдімгідей спектакль қояды. Қоғамның көкейкесті мәселелерін жеткізіп жатады.

— Әзіл-ысқақ театрларының одан бөлек тағы қандай кемшіліктері сізді ерекше алаңдатады?

— Меніңше театрлардың басты проблемасы материалдарды өздері жазып ала салады. Тақырыпқа жеңіл желпі қарайды. Сахнаға шығып әйтеуір жұртты күлдірсек болды дейтін сияқты. Тағы бір мәселе, қазіргі жастар сахнаға шығып алып өздерін жарнамалауға бейім. Оны өздері де байқамайды. Үлкен трибунаға шыққанда өте ыңғайсыз дүние. Өкініштісі, бүгінгі таңда өзін өзі жарнамалау өрескел сипат алып бара жатыр. Әсіресе үлкен шоуларда, концерттерде қатты белең алғанын байқаймыз. Бұл сахналық мәдениетке томпақ нәрсе.

Сондай-ақ телеарналарда демалыс күндері, түнгі уақытқа қарай әзілге құралған дүниелер беріліп жатады. Қарасаң талғам мен эстетика жетпейді. Тақырып аялары өте тар. Бұл да бүгінгі күннің басты проблемасы сияқты. Ал жақсы әзіл арзан күлкіге құралмау керек. Ол керісінше адамды ойлантуға, өмірге басқаша көзбен қарауға итермелеу керек.

Ал материал жазғанда көпшілік жастар бұрынғы сатириктерді білмейтін сияқты. Мысалы Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Ғаббас Қабішев, Үмбетбай Уайдин. Олар сол адамдардың шығармашылығынан бейхабар секілді. Әйтпесе жақсы сатира жазатын адамдарға тапсырыс беруге болады ғой.

— Кәсіби авторларға тапсырыс бермей өздері жаза салу, ақша үнемдеу ме әлде өз өздеріне деген сенімділік пе?

— Біріншіден, мүмкін ақша үнемдейтін шығар.Өнер деген инетеллектуалдық жеке меншік. Шын мәнінде инетеллектуалдық еңбеке лайықты еңбекақы төленуі керек. Бүгін мысалы парламентте мәдениет туралы заң талқыланды. 25 жылдан бері жазушыларға қаламақы төленбейді екен. Бұл былайша айтқанда нонсенс. Әрине, театрлардың бәрі бірдей емес. Мүмкін кейбіреуері арнайы тапсырыс беріп жаздыратын шығар. Ал көбі жеңіл-желпі көзқараста.

— Расымен де театрлар неге арзан әзілге құмар болып кетті?

Кез келген өнер адамы саясаткер болу керек. Ол қоғамда не болып жатыр, парламент не талқылады, қандай халықаралық мәселелер қаралды қысқаша айтқанда бәрін біліп, бақылап отыру керек. Яғни, деңгейі өте жоғары, ой-өресі кең болуы тиіс. Өнер тек құда мен құдағиға тиісіп немесе әйел болып киінген, шалбарын шорт кескен келіншектерді немесе орысша тіл сындыратын жастарды сынаумен ғана шектелмеу керек. Әрине, оның бәрі қажет. Бірақ, инетеллектуалдық ізденіс көбірек керек. Меніше, әзіл-ысқақ театрларында білім, ізденіс жағы жетіспейтін секілді.

— Ал қазақ сатира театрларының жай-күйін жақсартудың жолы қандай?

Бірқатар театрлар өз аумағындағы әкімдіктер тарапынан қаржыландырылады. Ал өздері құрып алған көп театрлар үшін мүмкін үкіметтік емес ұйымдар тарапынан тендерлер өткізіп, гранттар беру жағын қолға алса дұрыс болар еді деп ойлаймын.

— Тапқырлар мен көңілділер клубы туралы айтсақ, оларда да кішігірім сахналық көрністер бар. Қазақша КВН немесе «Жайдарманның» деңгейі туралы пікір айта аласыз ба?

— Оларды жүйелі түрде бақылап жүрген жоқпын. Нақты бірдеңе деп айту қиын. Ал негізі мұндай клубтардың болғаны дұрыс. Бірақ командалардың алғашқы іріктеу турын бөлек өткізіп, ең мықтыларын ғана телеарналарға шығарған жөн сияқты.

— Көптеген КВН-дағы балалар қазір театрларда ойнап жүр. Кері әсері болып жатқан жоқ па.

— Жақында ғана Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың сұхбаты жарияланды. Сондағы пікірге өте қосыламын. Мәселен «Қазақстан» телеарнасындағы Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студиясы» неше жылдан бері эфирге шығып жүр. Мүмкін рейтингісі жоғары шығар. Бірақ, олардың әзілдері жұртты жалықтырып болды. Сұлтанәлінің сол пікіріне қосыламын. Жүргізушінің өз басына қарсылығым жоқ. Кезінде мықты КВН-шы болды. Бірақ ол да жеке «менін» бірінші орынға шығарады. Бір сөзбен айтқанда көгілдір экранға елдің алдына шығу жауапкершілігі төмендеп кеткен. Бүгінгі жастар бір-екі ән айта салсам, бір екі әзілмен күлдіре салсам танымал болам деп ойлайды.

— Дегенмен осы сынға ұшырап жатқан театрлар көрерменді көп жинайды. Бұл көрерменнің де талғамы өзгергенін білдіреме ме әлде басқа себеп бар ма?

— Оған сол театрлардың өздері мүмкіндік тудырады. Саусағыңды көтере берсең күле беретін көрермен көбейсе оған театрлар мәз болмау керек. Көрерменді нашар, жақсы деп бөлуге болмайды. Әр түрлі деңгей болады, әр түрлі жастағылар болады. Бірақ көрерменнің деңгейін өсіретін — театрлар. Ал көрерменнің талғамын түсіретін театрлар өте қорқынышты, тіпті қауіпті деп айтамын.

Соңғы жаңалықтар