Көшпенділерде көп нәрсе сақталып қалмады - Ғарифолла Әнес - kaz.caravan.kz
  • $ 485.82
  • 554.03
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көшпенділерде көп нәрсе сақталып қалмады - Ғарифолла Әнес

Көшпенділерде көп нәрсе сақталып қалмады - Ғарифолла Әнес

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қабылданған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба бойынша еліміздің әр өңірінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

  • 19 Қыркүйек 2018
  • 157
Фото - Caravan.kz

Қасиеттті жерлеріміз бен тұлғаларымыз, жалпы алғанда тарихымыз түгенделуде. Сондай жұмыстардың бірі ретінде еліміздің киелі жерлерінің белдеуін түзетін «Қасиетті Қазақстан» көп томдық энциклопедиясының алғашқы томы жарық көрген еді. Аталған жұмыстармен филология ғылымдарының докторы, «Арыс» баспасының директоры, профессор Ғарифолла Әнес мырза бөлісті.

— Ғарифолла мырза алғашқы жұмыс барысында қандай қиындықтар туындады, нендей кемшіліктер кетті деп ойлайсыз. Жалпы аталған жобаның маңыздылығына тоқталсаңыз.

— Бұл жаңадан жоспарланып жатқан жоба. Негізі бес томдық болып жоспарланған. Бірінші томына Алматы қаласы, Алматы облысы, Астана қаласы мен Ақмола облысы кіретін болып жоспарланды. Уақыт өте тығыз болды. Содан кейін ең бастысы «Сакральный» деген сөздің өзін аударып, дәл баламасын табу қиындау болды. Өйткен бұрын бізде ол басқаша аударылған ғой. «Сакральный» «киелі» деген сөз, дінмен байланысты. Әулиелі жерлер, халық табынатын, халық қасиет көретін, сыйынатын жерлер ғой. Мысалы Қожа Ахмет Яссауй кесенесі немесе түрлі бейіттер.

Ал бұл мемлекеттік бағдарлама болған соң атауын кеңейтуді ұсындық. Сондықтан энциклопедияның қазақша аты «Қасиетті Қазақстан» болды. Қасиетті Қазақстанға жаңа символдар кірді. Мысалы, Алматы қаласында Ахмет Байтұрсыновтың мұражай үйі, Жаңалық ауылындағы боздақтар жатқан жер бар. Жапы бізге 2-3 ай шамалы ғана уақыт берілді. Сол аралықта шамамыз келгенше жасауға тырыстық. Өйткені дәл осындай жобамен жоғарғы оқу орындарында, академиялық институттарда да жұмыстар істеліп жатты.Үш рет жұмыс тобын ауыстырдық. Кітаптың концепциясын шығару өте қиын болды. Шетелдің жұмыстарын қарадық, Германияда, Францияда осындай жобалар болған екен. Бұл енді ұлттық жоба болғандықтан халықтың ойында қалған оқиғаларды айту керек. Халықтың есінде қалған, мысалы Аңырақай шайқасы секілді. Елдің есінде қалған оқиғаларды, дәуірлерді қамтуға тырыстық. Бірақ өкінішке орай, қазақ тарихындағы ақтаңдақтық мәселесі тағы да осы жерден шықты. Біз ана батыр, мына батыр дейміз.Ал олардың көпшілігінің бейіті жоқ, жатқан жерлері белгісіз.

Өйткені бұл географияға байланысты болған соң елді-мекен болу керек. Нақты бір географиялық объект болу керек. Сондықтан жаңағы алаң бола ма, ол ескерткіш бола ма, мекеме бола ма, көп жағдайда ескерткіштерге шықты. Алматыда Мұхтар Әуезовтың көшесі бар, үйі бар. Әуезовке қатысты көп нәрсе бар.Бірақ біз Мұхтар Әуезовтың бейітін алдық. Дегенмен, соның айналасында жаңағы мәселелерді айтуға тырыстық. Яғни үйі, көшесі, музейі, театры бар. Райымбек батыр даңғылы бойында қорым бар ғой. Ол жерде Әуезов жатыр, Сәтпаев жатыр, көптеген тұлғалар жатыр. Ол да адамдардың тәу ететін жері. Көптеген қиыншылықтарға қарамастан жылдың аяғанда әйтуір шығардық.

— Ал екінші томға қандай аймақтар кіреді?

— Екінші томға батыс облыстар кіретін болған. Маңғыстау, Атырау, БҚО және Ақтөбе облыстары. Кейін орталық облыстар мен шығыс облыстар бес томдық кітапқа енеді деп жоспарланған. Бұл жердегі ең бір қиыншылық бар. Мысалы, Маңғыстау облысының өзінде 365 әулие бар .Оның өзі үлкен том болады. Сосын қазір жаңадан археологиялық ескерткіштер табылып жатыр. Алтын адамдар, тағы басқалар табылып жатыр. Сондықтан қазір меніңше екінші том тоқтап тұрма деп ойлаймын. Бізге әзірге екінші томды шығарайық деп ешкім шыққан жоқ

Біз ертеректе үш облыстың энциклопедиясын жасағанбыз. Ол Батық Қазақстан облысы, сосын Солтүстік Қазақстан облысы және Жетісу өңірі. Өйткені білесіз ғой 90-жылдары жер дауы деген болды, казактар шықты. Жерге көзалартушылар болды. Бізде Жетісу казактары, Жайық казактары болды. Бірақ енді қазір ол әңгіме басылды ғой, құдайға шүкір. Сол кезде үш облысқа қатысты көп нәрсе жинап алғанбыз. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, барлығын архивтен алып, қолмен көшіріп дегендей іс атқардық. Құдай қаласа сол үш облыстың ісін қайтадан қолға алып, кітап жасамақ ойымыз бар. Болашақта үш тілде шығаруымыз керек. Өйткені бұл бір жағынан туризмге қажет. Мысалы, Батыс Қазақстанда Орда деген жер бар. Солтүстік Қазақстанда Ботай мәдениеті деген ең алғаш жылқыны қолға үйреткен жер бар. Алматының апорты, Алатау, Шымбұлақ, Медеу тағы басқалар. Бұл бір жағынан өркениеттің белгісі. Бұрынғысынша мал шалып, ақ байлап кететін болсақ, бұл соқыр сезім ғой. Сондықтан туризммен ұштастыру қажет. Елдің дамуына қажет нәрсе. Сосын бізде ішкі туризм дамымаған. Біз шетелді көріп қайтамыз. Мен өзім Египеттің пирамидаларын көріп қайттым. Сол сияқты біз өз елімізді білмейміз, тек әр өңір ғана өз құндылықтарын біледі.Ал облысаралық ішкі туризм дамымаған. Мысалы, жаздың кезінде лагерлер, басқа да шаралар ұйымдастыруға болады ғой. Жалпы өте үлкен жоба, елдің болашағы үшін керек дүние. Өкінішке орай бізде кейбір жағдайда осындай шаралар науқаншылыққа айналып кетеді. Мысалы, көріп жатырмыз Рухани жаңғыруды көбіне жиналыстармен, конференциялармен өткізіп жатыр. Есіңізде болса Елбасының мақаласында жазылған: «Бұл рухани жаңғыру мәдени мұраның жалғасы делінген». Менің айтпағым сол Рухани жаңғыруды жалғастыра алмай жатырмыз.

— Жалпы Сакральды Қазақстан жобасын жасау үшін әр өңір неден бастау қажет деп пайымдайсыз?

— Жалпы екінші томы ұлттық музейдің жанында Сакральды Қазақстан деген үлкен бөлім бар. Сондағы жігіттер ұйымдастырып жатар. Олар үлкен «Өлкетанушылар» деген қоғам құрды. Ертеректе мұндай қоғам болған, кейін тарап кеткен болатын. Екінші үлкен мәселе, бұл бірінші аңыздар жиналу керек. Егер ол объекті туралы аңыз болмаса, ол киелі болып есептелмейді. Өйткені атадан балаға аңыз болып келу керек қой. Мысалы, мына жерде пәленше деген адам жерленген деген сияқты аңыздар болу қажет. Менің ойымша осы мәселелердің барлығы қазір жақсы қолға алынып жатыр. Әр облыс әр түрлі болуы мүмкін. Бұл біздің ата-бабаларымызды да қайтарып алуға септігін тигізеді.Туризмді де дамытуға септігін тигізеді. Жалпы бұл идеологиялық бағдарлама сияқты.Ал мұның ішінде сакральды география таза практикалық мәселе. Қазір қаншама мазарлар жаңартылып жатыр, музейлер жаңаланып жатыр. Сондықтан мұның уақыты шектеулі болмау керек, ары қарай жалғаса беру қажет. Және де бұл мәселелер жергілікті жердің өлкетанушылары арқылы шешілу керек.

— Энциклопедияларды құрастыруға кәсіби тарихшы мамандар мен жергілікті өлкетанушыларды тарттыңыздар ма?

— Әрине тарихшылар зерттеушілер тарттық, үш мәрте топ құрдық. Бірінші топ тез жұмыс істеуге бейім болмады. Барлығын компьютер мен істеу керек болды. Біз көбіне қазіргі мамандарды тартқан болатынбыз. Олар асықпай істейді ғой. Сосын жан жақтан жас мамандар тарттық. «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы көп көмектесті, материалдарын берді. Жалпы бүкіл Алматы облысын аралап шықтым. Көбі менің атам бар еді, батыр болған дейді .Осыны кітапқа енгізсеңіз дейді. Ал бірақ қай ғасырда болған, нақты оқиғаларға қатысты мәлімет жоқ. Атын айтады, атынан басқа ешнәрсе жоқ. Хатқа түспеген соң жүйелеу қиын шаруа. Мысалы, қазір Қарабалық деген батыр төңірегінде дау бар. Мұның барлығы бір жағынан аңыздардың дұрыс жиналмағанынан. Егер Қарабалық деген аңыздар көп болса атадан балаға мирас болған болса мұндай дау тумас еді. Жалпы бұл жоба батырларымызды, билерімізді, тарихымызды түгендеуге көп септігін тигізеді. Бұрын шежіре деген жабық тақырып болды. Шежірені де қайта көтеру керек. Ал қазіргі шығып жатқан шежірелерге көңілім толмайды. Себебі тек схемамен бере береді. Адамның аты-жөні бар, басқа ештеңе жоқ. Бізде батыр адам болса соған қатысты материалдық құндылықтар сақталмаған. Себебі көшенді болдық. Қазір түрлі шапан табылып жатыр, сауыт табылып жатыр.Бірақ соның көпшілігіне күмән бар. Себебі, көшпенділерде көп нәрсе сақталып қалмайды.