Қожалық иесі: Жайлы жағдай жасасаң, малшы табылады - kaz.caravan.kz
  • $ 523.58
  • 549.71
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
4 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қожалық иесі: Жайлы жағдай жасасаң, малшы табылады

Қожалық иесі: Жайлы жағдай жасасаң, малшы табылады

Ақтөбе облысында асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытып отырған «Қонысбай» шаруа қожалығы — бүгінде көпке үлгі болып отырған шаруашылықтардың бірі. Қожалық иесі Мұрат Сатмағанбетов мал өсірудің жайын жақсы біледі. Біз шаруамен тілдесіп, шаруашылықтың тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары, сондай-ақ малшы тапшылығы жайлы сұрап білген едік

  • 14 Қараша
  • 8
ФОТО: Нейрожелі ұсынған

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

— Алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Негізгі мамандығыңыз қандай? Жылқы шаруашылығын қашан қолға алдыңыз?

— Менің туған жерім — бұрынғы Новоресей ауданы Құдықсай ауылы. Ол жерден алты жасымда отбасымыз болып бұрынғы Қарабұтақ ауданы (қазіргі Әйтеке би ауданы) Ақкөл ауылына көшіп келгенбіз. Әкемнің жақын інісі осы ауылға көшіп келіп, кейін біз де осында қоныс аудардық. Міне, содан бері біздің ата қонысымыз — Ақкөл ауылы.

Әкем Абдолла Ақкөл ауылында мал бағып, кеңес заманы тұсында кеңшарда механизатор болып еңбек етті. Анам Жұмабике үй шаруасында болды.

Мен 1966 жылы Ақкөл ауылының №3 бөлімшесі саналатын Қандысор жерінде бастауыш мектепте білім алдым. 1976 жылы Ақкөл орта мектебін аяқтап, Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түстім. Оқу орнын «ауыл шаруашылығын жоспарлау» мамандығы бойынша бітіріп, 1981 жылы бұрынғы Комсомол ауданы Әліби Жангелдин атындағы жаңадан құрылған кеңшарға жолдамамен жұмысқа келдім. Содан осы кеңшарда есепші болып жұмыс істедім. Кейін материалдық есепші, мал шаруашылығы бөлімінде маман болып қызмет еттім. Ауданда комсомол комитетінің хатшысы, «Урожайный» кеңшарында бас экономист болдым. 1985 жылы партияның жолдауымен аудандық ішкі істер бөліміне қарасты жемқорлықты жою жөніндегі бөлімге жұмысқа орналастым.

Ішкі істер саласында жалпы саны 22 жылға жуық уақыт қызмет атқардым. 2007 жылы зейнеткерлікке шықтым.

«Қонысбай» шаруа қожалығын 2006 жылы аштық. Шаруашылықтың «Қонысбай» аталуы сол жердің атауымен тығыз байланысты. Бұл жерде әкем бұрын мал баққан болатын. Содан әке жолын жалғастырып, мен де зейнетке шыққан соң жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алдым. Міне, бүгінде шаруашылығымыз кеңейіп, дамып келеді.

— Қазір шаруашылықта қанша жылқы, ірі қара бар? Қожалықтағы жұмысшылар жергілікті тұрғындар ма, әлде өзге өңірден келгендер ме?

— Қазіргі таңда шаруашылықта 1300-дей жылқы бар. Бір табын жылқы Қайрақты деген жерде болса, екінші табын — Табанкөлде. Ақкөл ауылында сондай-ақ 400 шақты ірі қарамыз да бар. Алдағы уақытта қой өсіру де ойымызда бар.

Жалпы, біз жергілікті асылтұқымды мұғалжар жылқысын өсіруді 2008 жылы қолға алдық. Сол жылы мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы арқылы мемлекеттен несие алып, асыл тұқымды жылқы өсіретін Темір ауданындағы «Көктас», «Жанғанат» шаруашылықтарынан 60 бас жылқы сатып алдым. Осы жылқыларды өсіріп, көбейтуде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев пен жылқы зауытының бас зоотехник-селекционері болған марқұм Жүзбай Ниязовтың еңбегі зор. Біз осы азаматтармен бірлесіп, жұмыс істеп, мұғалжар жылқысын өсіруді қолға алған болатынбыз.

Бұдан бөлек, 2019 жылы жылқы өсірумен қатар қазақтың ақбас сиыр тұқымын көбейту мақсатында мемлекеттен «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие алып, Қостанай облысынан 330 бас қазақтың ақбас сиырын алып келдік. Қазір бордақылау алаңында жылқыны да, ірі қараны да ұстап, сатып жатырмыз. Мәселен, бүгінде бордақылау алаңында 150 бас жылқы тұр.

Қазіргі таңда шаруашылығымызда 10 шақты адам жұмыс істейді. Жаз айларында олардың саны 25-ке жетеді. Себебі шөп шабу науқанында қосымша жұмысшылар аламыз. Біздің қожалықтағы баздардың өзгелерден ерекшелігі — мұнда бәрі автоматтандырылған. Яғни, малға су беру, шөп салу — бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Бұдан бөлек, шаруашылықта еңбек етіп жатқан жұмысшыларға осыдан бірнеше жыл бұрын 4 бөлмелі жатақхана, биыл монша салып бердік. Қазір мұнда жарық та, ауызсу да, газ да бар. Қыстай соғымын берсек, жыл бойы барлық жұмысшымызды киім-кешекпен, азық-түлікпен, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етеміз.

Ал техникаларға келсек, осы күнге дейін аудандағы несие серіктестігі арқылы қожалыққа лизингке «МТЗ-82», «МТЗ-892» маркалы бірнеше трактор, екі шөптиегіш техника, 5 тіркеме мен шалғын, екі «К-700» тракторын алдық. Қазір жалпы саны 15 шақты техникамыз қолданыста тұр. Сондай-ақ жер қазып, көң тазалайтын, қыста қар тазартатын үлкен жүктиегіш техникалар да сатып алдық.

— Жоғарыда жұмысшылар саны жаз айларында артатынын атап өттіңіз. Жалпы, сіздің тәжірибеңізде малшы, механизатор тапшылығы болған жоқ па? Қазір бірқатар шаруашылық басшысы малшы жоқтығын айтып, шағымданады. Бұған не дейсіз?

— «Қонысбай» шаруашылығының иесі мен болғанмен, қазір оның барлық жұмысын ұлым Асланбек жүргізеді. Мен жалпы қожалықтың жұмысын бақылап, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысамын.

Негізі, сұрағыңыз орынды. Себебі қазір көп жерде малшы, жылқышы, механизатор, сауыншы жоқтығын айтып, шаруалар шағымданып жатады. Біздің шаруашылықта да бір кездері мұндай мәселе болды. Дегенмен біз қолайлы жағдай жасай отырып, бұл мәселені шештік. Қазір жұмысшыларымызға барлық жағдайды жасап отырмыз. Жалпы, жайлы жағдай жасасаң, малшы табылады. Бүгінде қожалықта жұмыс істеп жүрген жігіттердің дені — жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ өзге аудандардан келіп, еңбек етіп жатқандары да бар. Ал жаз айларында шөп шабу науқанында бізге механизаторлар Қарақалпақстаннан келеді. Шамамен жыл сайын 10-12 адам келіп екі-үш ай жұмыс істеп кетеді. Оларды жұмысқа алудың тиімділігі сол, жұмысына өте ұқыпты, еңбекқор, іскер. Биыл екі ай мерзімде механизаторларымыз 10 мың рулон шөп шауып тастады.

Малшыларға келсек, қазір шаруашылықта алты малшы, екі аспаз бар. Сондай-ақ 4 адам мал бордақылау алаңында жұмыс істейді. Жаз мезгілінде асханада 4 аспаз жұмыс істеп, 20 шақты адамға ас әзірлейді. Жалпы, шаруашылық жайы — осындай.

— Сөз соңында отбасыңыз және алдағы жоспарларыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.

— Осындай қожалықты ұстап тұру, оның жұмысын жүргізу оңай шаруа емес. Көп еңбек пен маңдай терді қажет етеді. Жалпы, еңбек етпеген адам мұндай жетістікке жетпейді. Өзім қаншама жыл тынымсыз еңбек етіп, қожалық жұмысын жолға қойып, балаларымды оқыттым. Отбасында зайыбым Сара екеуміз үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде үлкен ұлым Нұрбек Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқытушы болып жұмыс істейді. Ортаншы ұлым Асланбек қожалықтың жұмысын жүргізеді. Ал үйдің кенжесі Кенесары Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін үздік аяқтап, бүгінде ол да шаруашылықта жұмыс істеп жүр.

Зайыбым Сара Сатмағанбетова отыз жылдай уақыт мұғалім болып қызмет етті. Қазір зейнеткерлікке шықты. Үш ұлдан немерелер сүйіп отырмыз. Бүгінде ата-әже болып, қала мен ауылдың ортасында жүреміз. Біз үшін ең бастысы — балалардың амандығы мен жарқын болашағы.

Алдағы жоспарға келсек, ойымызда жүрген идеялар көп. Оның барлығын іске асыруға қыруар қаржы керек. Дегенмен жайлап алға жылжу керек. Сол себепті биыл шаруашылықта мал сою алаңын салуды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ келер жылы қымыз өндіретін цех салғымыз келеді. Биыл ұлым Асланбек меркінің қымызының рецепті бойынша қымыз өндіруді қолға алып жатыр. Қазір қожалықта 50 бас бие сауып, көрші елді мекендерге сатып жатырмыз. Мүмкіндік болса, алдағы уақытта облыстың өзге аудандарына жеткізу ойымызда бар.

— Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Демек, әр салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда сіздің пікіріңіз қандай?

— Келер жылы елімізде құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты қиын салаларда еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көңіл бөлініп, олардың мәртебесі артады. Бұл — бізге де қатысты дүние. Себебі біздің шаруашылықта тынымсыз еңбек етіп, ауданның, ауылдың мал шаруашылығына өз үлесін қосып жүрген азаматтар жетерлік. Бір жағынан алып қарасақ, бәріміз де ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Сондықтан Президенттің бұл бастамасын қолдаймыз. Кез келген еңбек адамы мақтауға лайық. Бұл орайда шаруашылық басшысы ретінде мен де өз жұмысшыларыма бүгінгіден де жайлы жағдай жасауға тырысамын.

  • Әңгімеңізге рақмет!