Жарияланды: 610

Куәгерлердің бірі сотта Серік Ахметовтің заңсыз кәсіпкерлік қызметі туралы айтып берді

Куәгерлердің бірі сотта Серік Ахметовтің заңсыз кәсіпкерлік қызметі туралы айтып берді

Қарағанды облыстық сотында Серік Ахметов пен өзге де шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс бойынша куәгерлерді тыңдау жалғасып жатыр. 

«Топар жылыжайлары» ЖШС-на қатысты эпизодты қарау барысында осы ұйымның бұрынғы директоры Александр Забиров жауап берді. 
А.Забировтың айтуынша, ол 1995 жылдан бері Топар жылыжай кешенінде әртүрлі қызмет атқарып келген. "Green Technology" ЖШС-ында жұмыс істеп жүрген кезінде ("Green Technology" - «Сарыарқа»әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқаруындағы Топар жылыжай кешенінің құрамына кіреді) ол түгелдей «Қазақмыс» корпорациясының жекеменшігіндегі Топар кентінде орналасқан жылыжай кешенін модернизациялау жобасын таныстырады. Таныстыру барысында А.Забиров жылыжайды сенімді басқаруға тапсыру керек деп айтқан. Бірақ, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның басшылығы бұл ұсынысты сынап, жобаға тек иегер ретінде қатысу керектігін айтады. Сол кезде «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы болған Ғұмар Рақымжанов А.Забировқа облыс әкімі үшін тағы бір презентация дайындауды тапсырады. 
«Біраз уақыттан кейін Рақымжанов маған телефон шалып, «маған кел» деді. Мен бардым. Жылыжай кешенін сату мәселесі облыс әкімі Ахметов тарапынан шешіліп қойған мәселе деді. Ол маған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қызметкерлерімен, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның заңгерлерімен бірге заңды тұлға ретінде «Топар жылыжайлары» ЖШС-ын құрып, ол ЖШС-ның 9,9% үлесі «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-на, қалған 90,1% үлесі уақытша маған тиесілі болатынын айтты», - дейді А.Забиров. 
2012 жылдың күзінде Серік Ахметов Топардағы жылыжай кешеніне барады, ол кезде жылыжай «Қазақмыс» компаниясының жекеменшігінде болған. Сапар кезінде А.Забиров жылыжай блоктарының барлығын емес, жөндеуге келетінін және ары қарай жұмыс істеп кете алатын блоктарын сатып алу керек деген. «Бірақ, ол маған бәрін сатып аламыз деді. Маған және «Сарыарқа» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары болған Құсайыновқа жұмысты тездету туралы тапсырма берді», - деді А.Забиров. 
Осылайша, жылыжай кешенін «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС 161 млн теңгеге сатады. «2012 жылдың желтоқсанында қағаз жүзінде маған тиесілі үлесті Мирлан Биялиев пен Гаухар Ахмалишеваның атына аудару туралы тапсырма берілді. Биялиев кім деген сұраққа Матаев «ол Ахметовтің сенімді өкілі» деп жауап берді. Ал, Гаухар Ахмалишеваны мен бұрыннан танитынмын, себебі ол «Топар» мал шаруашылығында (бұл компания да Ахметовке тиесілі) маман болып жұмыс істеген», - деді А.Забиров. 
Содан кейін «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның «Топар жылыжайлары» ЖШС-дағы уақытша үлесін акционерлер сатып алады да, осылайша ол толықтай жекеменшік ұйымға айналады, ал, оның негізгі иесі С.Ахметов болады. Жылыжай кешенін модернизациялау жобасы «ҚазАгроФинанс» АҚ тарапынан несие алу арқылы қаржыландырылатын болды, бірақ, шартқа сәйкес,  «Топар жылыжайлары» ЖШС өз қаражатынан 15 пайыз қаржы салуы керек еді. А.Забиров Камилла Піралиева деген адам таныстырған «RufepaTechnoagro» атты испандық компанияны табады. Камилла Піралиева  12 млн еуро көлемінде коммерциялық ұсыныс айтады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары мен коммуникация желілерін  есепке алғанда,  жоба 15 млн еуроға бағаланады. «Осы бағаға тоқтап, таныстырылымға осы соманы жаздық. Презентацияға құрылғылардың бағасы, монтаждау жұмыстарының құны, 15 пайыз көлеміндегі өз қаражатымыздың қалай бөлінетінін жаздық. Біраз уақыт өткен соң Қисықов («Топар» аграрлық-холдинг компаниясының директоры) мені шақырып, презентация Серік Ахметовке ұнағанын айтты. Бірақ, өз қаражаты есебімізден қаржыландыру болмайтынын, ақшаны құрылғылардың бағасына қосу керектігін айтты. Яғни, 12 млн еуро тұратын құрылғының бағасын тағы 3 млн еуроға қымбаттату керек болды», - дейді А.Забиров. Бұл мәселе «RufepaTechnoagro» компаниясымен келісіледі, компания басшылығы 3 млн еуроны қайта қайтып беру шартымен бұл ұсынысқа келіседі. 
А.Забировтың айтуынша, осыдан кейін Серік Ахметовтің көмегімен «ҚазАгроФинанс» АҚ «Топар» жылыжай кешенін модернизациялауға несие берген. «Қараша айында Рақымжанов «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның басқарма төрағасы болған кезде мені әңгімеге шақырды. Кабинетіне барғанымда ол компания иесі Серік Ахметовтің компанияға өте көп қаржы кетіп жатқанына көңілі толмай жүргенін айтты. Ешқандай табыс болмаған соң, «RufepaTechnoagro» компаниясынан келетін барлық ақшаны  алу туралы тапсырма түскенін айтты. Мен әрине түсініксіз күйде қалдым»,-дейді А.Забиров. «Бір-екі апта өткеннен кейін Рахымжанов бірінші транштағы қаражаттан ақша алу туралы тапсырма түскенін, кейінгі транштардан қаражатты уақытша пайдаланып, бірақ кейін тағы қайтарып алу керектігін айтты. Осымен тоқтадық», - дейді А.Забиров.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін