Көктемгі тасқында барынан айырылған атбасарлықтар «қолдан келер қайран жоқ» деп осылай қапалы. Қираған үйінді мен шашылған жарамсыз дүние-мүлікке қарап отырғалы 2 ай. Уәде етілген көмекті күте-күте шаршаған жұрт бала-шағасын туыстарына жіберіп, өздері қолдағы мүлкін жамап-жасқап жатыр. Барар жерлері жоқтар дым тартқан үйлерін паналауда.
Любовь Винкенштерн, Атбасар қаласының тұрғыны:
—Міне, осылай тұрып жатырмыз. Дымқыл. Тақтайларды ашып тастадық кепсін деп. Балаларға қауіпті, қайда жіберейін оларды. Уәде берген әкім кетті. Орына жаңасын әкелген. Енді оның уәдесін күту керек.
Әбден қираған үйлер қайта құрауға да келмейді. Енді екі айда күз де келеді. Балаларды мектепке әзірлеу керек. Тұрғындар алдағы қысқа алаңдаулы. Осы кезде отын-шөбін әзірлеп жататын атбасарлықтар қайда барып паналарын білмей дал.
Гүлбақыт Ахметқалиева, Атбасар қаласының тұрғыны:
-Әкімдер ауысады, ал мәселе шешілер емес. 30 жылдан аса Атбасарда тұрам, көзім көріп жүр. Бір-бірін сүйреп әкеледі, түк бітірмейді. Степногордан Никишов дегенді әкеліпті. Дұрыс жұмыс істей алмады ол жақта да. Енді быт-шыты шыққан Атбасарды қалай түземекші?
Жұрттың жаңа әкімге сенбеуіне себеп те жоқ емес. Андрей Никишов Көкшетау, Степногор қалаларында әкім болып тұрғанда халықтың көңілі толмай, талай қарсы шыққаны бар. Не жолды, не құбырды жөндей алмай, ақыры Степногор мен Көкшетауды лас судың астында қалдырды деп Никишовтың қызметінен кетуін бірнеше рет талап еткен. Алайда сол шулы шенеунікке облыстың жаңа басшысы үлкен сенім артып отыр.
Сергей Кулагин, Ақмола облысының әкімі:
-Кейде аяқ астынан осындай шешім қабылдауға тура келеді. Атбасардың жағдай қазір қиын. Тәжірибелі адам керек. Жұмыс көп. Сондықтан Андрей Никишовты осында әкелдім.
-Жақында облыс әкімі болып 2-ші рет тағайындалған Сергей Кулагин әзірге өз командасын жасақтап жатыр. Көкшетау, Макинск қалаларына бұрын қызмет еткен Қостанай облысынан екі әкімді әкелсе, аудандарда да бірнешеуі ауысты. Тағы да ауыс-түйіс жалғасады деп күтілуде.