Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Информбюро-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жүзі бал-бұл жайнаған 11-ші сыныптың оқушысы мектепті бітіріп, Алматыдағы жоғары оқу орнына түсемін деп дайындалып жүрген екен. Алайда бозбаланың бейбіт күнде өмірі қыршыннан қиылды. Досының туған күніне кеткен 17 жастағы жас жігіттің үйге мәйіті келген.
АЛТЫНАЙ ШАЛТАЕВА, марқұмның анасы:
— Эльдар үйімізде кәдімгідей әзілдесіп, шәй ішкен кезде бізді күлдіртіп отыратын еді. Жоқтығы кәдімгідей білінеді баламның. Сол күні менің балам күліп, айнаның алдында билеп, мына киімді киіп, ана киімді киіп ауыстырып тұрған. Бетімнен сүйіп сол кезде, сол шығып бара жатқанда баламнан нешеде келесің деп сұрадым. Мама туған күн қалай бітеді, солай келемін деп айтты.
Бейнебақылау камерасына жазылған оқиға былтыр қаңтар айында Құлсары қаласында болған. Өз жолымен жүріп бара жатқан көлікті бір топ адам тоқтатып, ішіндегі жігіттерді тепкінің астына алғаны көрінеді. Ең сорақысы, күдіктілер баламды басқа адаммен шатастырып, өлтіріп кетті дейді Алтынай Шалтаева. Қара жамылған отбасы арманы асқақ ұлдарын әлі ұмыта алар емес.
АЛТЫНАЙ ШАЛТАЕВА, марқұмның анасы:
— Ішінде отырған бес баланы ұрып-соғып, пышақтайды. Менің ұлымның аяғын пышақтап, күретамырын кесіп жібереді. Ұлым көп қан жоғалтқандықтан сол жерде қаза болады. Енді бұл балалардың айтуынша, біз оларды басқалармен шатастырып алдық дейді. Менің талабым барлығы осы оқиға қатысты өзінің іс- әрекетіне қарай жазасын алса екен деп сұраймын.
Полиция бірнеше бап бойынша іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
ТЕМІРХАН ХАЖМҰРАТОВ, Атырау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі:
-Күдіктілерге қатысты адам өліміне әкеліп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян әкелу, сондай-ақ бұзақылық баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Сот органымен 5 күдікті бұлтартпау шарасымен қамауға алынса, 7 күдікті үй қамаққа алынды. Қылмыстық іске қатысты кешенді тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сот сараптамалары өткізілуде. Қайғыдан қан жұтқан жанұя іс бұрмаланып, жылы жабылып кете ме деп алаңдайды. Олар тергеу әділ жүргізіліп, кінәлі адамдар жауапқа тартылғанын қалайды.