Жарияланды: 290

Латын әрпіндегі әліпбидің жаңа нұсқасы жұрттың көңілінен шығып жатыр

Латын әрпіндегі әліпбидің жаңа нұсқасы жұрттың көңілінен шығып жатыр

Латын қарпіндегі әліпбидің жаңа жобасында қазақ тілінің төл әріптерінің сақталғаны аға буынмен бірге жас буынды да ерекше қуантады.

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев осылай деп пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жастар әу бастан латын қарпіне көшу туралы бастаманы бір ауыздан қолдап келеді. Оны латын қарпіне қатысты Елбасының соңғы сөзінен де аңғаруға болады. Өйткені, меніңше, латын әліпбиі қазіргі жас буынға біршама жақын секілді. Біз жастармен өзара СМС-хабарламаларды алмасқанда дәл осы латын әріптерін қолданамыз. Әліпбидің соңғы нұсқасы жастардың көңілінен шыққанын сеніммен айта аламын. Өйткені, әліпбидің бірінші нұсқасы бойынша бірқатар ала-құла пікірлер болғанын да білесіздер», - дейді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы.

Сонымен бірге, Данияр Сүндетбаев Президентке таныстырылған жаңа жобаны бірден ұнатқанын айтады.

«Ең бастысы, жаңа нұсқада қазақтың төл әріптерінің белгіленгенін ерекше атап өтуге болады. Мысалы, Назарбаев университетінде жұмыс атқаратын Түркиядан келген бір ғалым әу баста түрік тілінде «ә» және «қ» әріптері болғанын айтып, алайда латын әліпбиіне көшкен кезде сол әріптер жоғалып кеткенін айтқан болатын. Яғни, «ә» әрпі «а»-ға айналып, «қ» әрпі «к»-ге өзгеріп, ол жақтағы қауым төл әріптерінен айырылып қалған. Сондықтан, біздің жағдайда жаңа әліпбидегі төл әріптеріміздің сақталуының маңызы зор білемін», - дейді Данияр Сүндетбаев.

Сонымен бірге, Данияр Сүндетбаев жастар телефон пайда болғалы бері, СМС-хабарламаларды, әлеуметтік желідегі ақпараттарды латын қарпімен алмасып жүргендіктен, жаңа әліпбиді меңгеру жас буынға аса қиындық туғызбайтынын айтады.

Еске сала кетсек, кеше Елбасына латын қарпіндегі әліпбидің жаңа жобасы таныстырылған болатын. Қазақстан Президенті латын қарпіне көшуге байланысты жастардың бұл үдерісті қолдағанына ризашышылығын білдірген болатын. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін