Жарияланды: 850

Лондонда кәсіп ашқан қазақ қызы - баспасөзге шолу

Лондонда кәсіп ашқан қазақ қызы - баспасөзге шолу

«Айқын» басылымы Лондон қаласында әлемдегі озық компаниялардың бірін басқарып отырған, басқарып қана қоймай, сол компанияның негізін қалаған қазақ қызы туралы жазады.  

Эльмира Әділбекова білім, жылжымайтын мүлік, қаржы және салық, т.б. салалар бойынша сарапшылықпен айналысатын фирма құрған. Компанияның Алматыда, Астанада, Ақтөбеде де кеңселері бар екен. «Эльмира, алдымен тұманды Альбионға қалай барып жүрсіз?» деген сұраққа ол: «Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы жоғары оқу орнын экономика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп, қаржы маманы болып шыққан соң да, ары қарай оқуымды жалғастырғым келді. Себебі бүгінгі заманда білімсіз ешқайда аттап баса алмайсың. Сөйтіп, Лондон бизнес-мектебінде азаматтық құқық бойынша бакалаврды бітірдім және қаржы магистрінің дипломын алып шықтым. Өзімнің кәсіби еңбек жолымды әуелі туған Қазақстанымда, Қаржы министрлігінің салық комитетінде жұмыс істеуден бастадым. Салық салу мен оны жинаудың әдіснамасын, нормативті актілерін түзуге қатыстым. Салық саласындағы әлемдік тәртіптерді толық меңгеру үшін қосымша Америкаға барып оқып, сәйкесінше сертификатқа ие болдым. Қазір Англияда осы тақырыппен белсенді түрде шұғылданудамын. Америкада жолдасым екеуміз төрт жыл тұрдық. Лондонда тұрып жатқаныма бес жыл болды. Лондон орталығындағы инвестиция бойынша ең үздік консалтингтік компаниялардың бірінде Англия заңдылықтарының қатаң талабына сәйкес клиенттермен қалай жұмыс істеу бойынша баға жеткізгісіз тәжірибе жинақтадым десем болады. Нәтижесінде осында өзімнің жеке компаниямның негізін қаладым»,-деп жауап берген. Эльмираның Қазақстан мен Лондондағы қызметі туралы, сондай-ақ Америка мен Қазақстан арасындағы айырмашылық туралы пікірін оқығыңыз келсе, «Лондонда кәсіп ашқан қазақ қызы» деген мақаланы оқыңыздар. 

«1920 жылдары басталып, ара-арасында «сәл тыныстап», 1931-33 жылдары «кеңестік жоспар» дәрежесінде орындалған ашаршылық қазақ халқының жартысынан көбін жоқ қылды. Алыптар арасында аймаңдай ұлт болып отырған Алаш баласы тышқан теріп жеуге де шамасы жетпей, аяусыз қырылды. Ресми деректер бойынша, аштықтан 2 млн 200 мыңнан астам адам жоқ болған». Бұл нәубеттің қазақ әдебиетіне тигізген кесірі қандай, қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапты? «Айқын» басылымы бүгін сондай-ақ осы сұрақтың жауабын іздейді. «Иә, Кеңес өкіметі бұл туралы ешкімнің аузын аштырған жоқ. Жақан Сыздықовтың шағын балладасының өзі жоғарыдағыдай реакция тудырса, одан көлемді шығармалардың авторлары қандай күй кешетінін есептей беріңіз. Бір деректерде Сыздықов балладасы «Табиғат» деп, енді бір деректерде «Әли қарт» деп көрсетіледі.  Бұл шығарма өртеліп, автор соққыға жығылып, жаны әрең қалған. Бейімбет Майлиннің даңқты «Күлпаш», «Ашаршылық құрбаны», «Айт күндері»  әңгімелері күні кешеге дейін жабулы қазан астында жатты. Дегенмен, қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің барлығы ашаршылық тақырыбын шығармаларында емеуріндеп болса да сездіріп отырды. Сәбит Мұқанов «Өмір мектебінің» «Есею жылдары» деп аталатын үшінші кітабында ашаршылық нәубетін тікелей сипаттаған тұстары жетерлік. Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы да  ә деп басталған тұста ел ішінен күй кеткенін суреттейді, алыстан шалады. Сәкен Сейфуллиннің аяқталмаған «Біздің тұрмыс» хикаятында ашаршылық көрінісін екі-үш сөйлеммен ұқтырып кеткен тұстары бар. Ғабит Мүсірепов классикалық «Талпақ танау» әңгімесінде Қостанай өңіріндегі ашаршылықтың бейнесі анық көрініс береді. Жазушы қазақ малшысының өміріне күштеп енгізілген шошқаны шебер әжуалай отырып, оның келу себебін өте нәзік аңғартып өтеді. Сафуан Шаймерденовтің «Мезгіл» хикаятында да бас кейіпкердің естелігі арқылы халық басындағы зобалаң ишара етіледі, тіл байлаушы «құдіреттердің» көзін ала бере, астарына сұмдық шындық жасырған шығарма ретінде айшықталады. Сәкен Жүнісов «Аманай мен Заманай» хикаятында да елдің үдере көшуінің себебін тұспалдап айтып өтеді», деп жазады басылымы. Бұл туралы толығырақ «Жабулы қазан ашылса» деген мақаладан оқыңыздар. 
                                                                   ***
«Егемен Қазақстан» газеті бүгін «Астана Опера» театрының Үлкен залында өткен ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалі туралы жазады. «Фестивалдің жабылу салтанаты А.Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы әйгілі «Той бастар» көрінісі мен Айдардың ариясынан бастау алды. Еске сала кетейік, ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалі 25 қыркүйекте театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтың редакциясындағы дәл осы операның тұсаукесерімен ашылған болатын. Бір жарым ай бойы елордалық театр көрермен назарына 23 іс-шара ұсынды, оның ішінде 14 қойылым және 9 концерт бар.Фестиваль күндері әлемдік опера жұлдыздарынан баритон Джулио Боскетти (Италия), сопрано Акико Хаякава (Жапония) және Ка-тажина Мацкевич (Польша), тенорлар Михаил Агафонов (Германия), Михаил Векуа (Ре¬сей), Нәжмиддин Мәуленов (Өзбекстан), белгілі дирижерлар Джузеппе Акуавива (Италия), Коичи Иноуэ (Жапония), Дориан Уилсон (АҚШ) өнер көрсетті. Айта кететін бір жәйт, әлем жұлдыздары елордалық музыканттардың шеберлігіне өте жоғары бағаларын берді», - деп жазады басылым. Бұл туралы «Өнер шеруі» деген мақаладан оқуға болады. 
Спорттағы жаңалықтар туралы жаза келе, бас басылым бүгін «Барыс» хоккей клубының кезекті жеңісі туралы жазады. «Құрлықтық хоккей лигасының шеңберінде Астананың «Барысы» өз айдынында Риганың «Динамосын» қабылдады. Тартысты өткен ойын нәтижесінде біздің команда 5:1 есебімен басым түсті. Осылайша, елордалықтар турнир барысында қатарынан үшінші жеңістеріне қол жеткізді. Кездесудің бірінші кезеңі тең жағдайда өрбіді. Тіпті, бұл бөлікте қос команданың бір-бірінің қақ-пасына жасаған соққылары да тең түсті (11:11). Алайда, үзіліске дейін есеп ашылған жоқ. Ал екінші кезеңде айдын иелері белсендірек қимылдады. Бірнеше жүйелі шабуылдар ұйымдастырған Андрей Назаровтың шәкірттері 26-минутта дегендеріне жетті. Атап айтқанда, Вадим Краснослободцев мер-гендігімен көзге түсіп, есеп ашты.Соңғы кезең «Барыстың» айқын басымдығымен өтті. Жүйелі ойын өрнегін көрсеткен біздің команда үзілістен шыға салып есепті еселеді. Нақты айтар болсақ, 41-минутта Найджел Доус «Барыстың» екінші шайбасын соқты. Ал 47-минутта Дастин Бойд нәтижелі соққы жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. Арада бар болғаны бір жарым минут өткенде, қонақтардың қақпашысы Юаким Эрикссон өз иелігінен төртінші рет шайба алып шығуға мәжбүр болды. Бұл жолы Константин Романовтың қанжығасы майланды.Барыстықтар мұнымен де тоқтамай, 54-минутта Роман Старченконың көмегімен ригалықтардың қақпасына бесінші шайбаны енгізді. Латвиядан келген команданың астаналықтардың бұл қарқынына бар болғаны бір ғана шайбамен жауап беруге шамасы жетті. Матчтың соңында, яғни, 55-минутта «Динамо» сапынан Виталий Павлов командасы соққан жалғыз голдың авторы атанды.Осылайша, «Барыс» А.Назаров бас жаттықтырушы болып қайта тағайындалғалы өз айдынында өткізген соңғы үш ойында жеңіске жетіп отыр. Бүгінде 29 кездесуден 37 ұпай жиған командамыз Шығыс конференциясында 10-орында келеді», - деп жазады газет авторы «Барыс бабына келе бастағандай» деген мақалада. 
                                                                 ***
Ал «Казахстанская правда» газетінің жазуынша, дәл қазіргі сәтте әлемнің 51 елі мен 11 халықаралық ұйым 2017 жылы Астанада өтетін «EXPO-2017» көрмесіне қатысатындықтарын растаған. «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Болгария Республикасынан келген делегация мен осы елдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Василий Петковпен кездесті. Сондай-ақ, Ахметжан Есімов Түркия Республикасының Қазақстан Республиикасындағы Төтенше және өкілетті елшісімен кездесті» деп жазады басылым.  Бұл туралы толығырақ «Интерес к участию в ЭКСПО-2017 выразили Болгария и Турция» деген мақаладан оқуға болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін