Жарияланды: 620

Луговая бекетінде Қарағандылық құрылысшылар мерзімінен бұрын 16 үйді пайдалануға берді

Қарағандылық құрылысшылар Луговая бекетінде 16 тұрғын үйді уағдалы мерзімнен бұрын пайдалануға берді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Тұрғын үй нысандарын қабылдап алған комиссия мүшелері құрылысшылардың үйлерді сейсмикалық күшейту жөніндегі талаптарды бұлжытпай орындағанын атап өтті. Бояу иісі кеппеген жаңа үйлердің кілтіне ие болған тұрғындар мен құрылысшыларды кәсіби мейрамымен құттықтай Жамбыл облысына арнайы келген қарағандылық өкілдердің арасында қалалар мен аудан әкімдері, құрылысшылар, әртістер мен спортшылар болды. Қарағанды облысының әкімі Камалтин Мұхамеджановтың бұйрығымен жер сілкінісінен зардап шеккен ауданда тұрғын үйлер салуда көзге түскен құрылысшылар бағалы бұйымдармен және құттықтау хаттарымен марапатталды. Сыйлықтан жаңа үйлердің қожайындары да құралақан қалған жоқ. Өңірге өз құрылысшыларын жіберген қарағандылық құрылыс мекемелері Луговая бекетінің тұрғындарына тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ, сағат және қабылдағыш секілді бұйымдар табыс етті. Жексембі күнгі қоныс тойы спорттық бәсекелермен және мерекелік концертпен аяқталды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть