Мал терісінің шіріп жатқанын көрген соң былғары бизнесін бастап кеттім – кәсіпкер - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мал терісінің шіріп жатқанын көрген соң былғары бизнесін бастап кеттім – кәсіпкер

Мал терісінің шіріп жатқанын көрген соң былғары бизнесін бастап кеттім – кәсіпкер

Бүгін Астанада «Қазақстанның үздік тауары» жыл сайынғы өңірлік байқау-көрмесі өтіп жатыр. Оған 72 елордалық компания қатысуда.

  • 31 Шiлде 2018
  • 82
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Қазмедиа орталығында ұйымдастырылған көрмеде өнеркәсіптік мақсаттағы тауарлар, құрылыс өнімдері, үй жабдықтары, киім-кешек, әшекейлер, азық-түлік тауарлары мен халық тұтынатын басқа да отандық өнімдер назарға ұсынылды. Атап өтсек, көрмеде құбырлар, құрылыс қоспалары, үй жиһаздары, биопакеттер, ағаш ойыншықтар мен қолөнер туындыларын кездестіруге болады. Келушілерге кейбір отандық өнімдерді сатып алу және тағамдардың дәмін тату мүмкіндігі берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы жаңа қатысушылар тізімі 50 пайызға артқан. Көрмеге қатысқандар қатарында былғары өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпкер Жомарт Құсайынов та бар.

«Біздің бренд Shakur деп аталады. Біз теріні өзіміз өңдеп, көркемдеп, дайын зат жасап шығарамыз. Былғары, тері, барлығы – табиғи өнімдер. Олардың барлығы Қазақстанда жасалады. Біз Түркияның технологиясы бойынша осындай сөмкелер мен киім-кешек тігудеміз. Және оларды қолжетімді бағамен сатамыз. Сөмкелердің орташа бағасы 10-15 мың теңге болса, қысқы сыртқы киімдердің орташа бағасы 50-75 мың теңге аралығында құбылады. Өнімдерді қой, ешкі, ірі қара мал терісінен жасаймыз. Олар өңделіп, қалаған формаға пішінде, түсте жасалады. Біздің толыққанды жұмыс істеп жатқанымызға 2 жыл болды. Негізі біз Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша әскери амуниция жасаймыз. Мысалы, қазір офицерлік шағын сөмкелер жасап жатырмыз», — деді Ж.Құсайынов тілшіге берген сұхбатында.

Кәсіпкердің айтуынша, теріні өңдеу цехі Ақмола облысының Ақкөл ауылында, ал тігін цехі Петропавлда орналасқан. Отандық өнімдер интернетпен, көбінесе Инстаграм желісі арқылы сатылады.

«Біз тапсырыс қабылдап, сатамыз, поштамен де жібереміз. Кез келген адамның тапсырысы бойынша жұмыс жасаймыз. Өнімдерге бір жыл кепілдік беріледі. Біз мемлекет көрсетіп жатқан қолдау мен мүмкіндіктердің барлығын пайдалануға тырысамыз. Негізі бұл істі 4 жыл бұрын 1-2 млн теңгелік мемлекеттік грантпен бастағанмын. Бұрын үш адам болып бастаған едік, қазір алты қызметкеріміз бар. Осы саланы таңдауымның себебі, терілердің шіріп жатқанын көру менің жүрегіме қатты тиетін. Содан «қазақтың қолынан түк келмейді ме» деп намыстанып, осы істі бастап кеттім. Отандық және түрік мамандардан көп нәрсені үйрендік. Қазір бізге қазақтың менталитеті ғана кедергі болып тұр. Олар Қазақстаннан шыққан заттың барлығына күмәнмен қарайды. Бізде еш кемшілік болмаса да, біздің өнімдерді ұзақ тексеріп барып, сатып алады. Осы менталитетті өзгерту керек. Сосын, көбі қазір брендке тәуелді. Қазір адамдар киімдегі жазумен мақтанады. Ол дұрыс емес. Ал біз өз кезегімізде технологиямызды әрі қарай жетілдіріп, дамуға тырысамыз», — деді Жомарт Құсайынов.


Атап өтсек, өңірлік кезең барысында сарапшылар комиссиясы үш аталым: «Өнеркәсіптік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша тоғыз жеңімпазды анықтады. Өңірлік іріктеудің жеңімпаздары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, олар «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Соңғы жаңалықтар