"Мамин, Аймағамбетов, Тілеухан, Мұсабев..." Шенеуніктерге шынымен айыппұл салынған ба? - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Мамин, Аймағамбетов, Тілеухан, Мұсабев..." Шенеуніктерге шынымен айыппұл салынған ба?

"Мамин, Аймағамбетов, Тілеухан, Мұсабев..." Шенеуніктерге шынымен айыппұл салынған ба?

Мемлекетке қарыз болған бірнеше адамның аты-жөні жария болды.

  • 17 Қыркүйек 2020
  • 401
Фото - Caravan.kz

Алаш айнасы басылысы PROTENGE Телеграм каналына сілтеме жасап қызық дерек жариялады.

Жалы күдірейген шенді-шекпенділердің дәп өздері ме, әлде толық аттас адамдар ма, әйтеуір аты-жөндерін оқығанда «оппа» дегізетін сойқан тізім шықты. Бұлардың өздері рөлде отырып ереже бұзды ма, әлде бәйбішелері «бүлдірді» ме, ол жағы аса маңызды емес. Маңыздысы – «аттастардың» айыппұлы мен оның көлемінде. Сонымен мемлекетке кімдер қарыз? Кеттік, ендеше…

Телеграм каналдың жазуынша, ҚР Премьер-министрімен «аттас» Асқар Ұзақбайұлы Мамин жылдамдықты асырып жібергені үшін 6 312 теңге 50 тиын айыппұл төлеуі керек.

Білім және ғылым министрінің «аттасы» Асхат Қанатұлы Аймағамбетов те шумахер екен. Оның қарызы – 6 945 теңге.

Сәрсенбай Құрманұлы Еңсегенов дейдін сенатор бар бізде. Дәл осындай адам жол белгілерін елемегені үшін мемлекетке 11 112 теңге төлеуі тиіс.

Аты-жөні тағы бір сенаторға келетін Еділ Құламқадырұлы Мамытбеков те жол белгілеріне қарамайтын көрінеді. Оның айыппұлы – 11 112 теңге.

Бұл сенаторлардың «аттастары» қызық-ей, қалада жүргенде жан-жағына қарап, бағдаршамға көз салып жүрмейді екен. Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев деген кісі жылдамдықты асырып – бір, жол белгілеріне көз салмай ережені екі бұзып, 31 947 теңге айыппұл жинап алыпты.

Ләззат Жаңылысқызы Сүлеймен. Бұл кісі де сенатор. Ал енді «аттасы» не бүлдірген дейсіз ғой? Әдетте көлікті қатты жүргізетін еркектер еді, қыз-келіншектер де олардан қалыспайды екен. Айыппұлы – 6 945 теңге.

Енді Мәжіліс депутаттарының «аттастарына» ауысайық.

Жамбыл Аужанұлы Ахметбеков
– 6 312 теңге 50 тиын. Каратистің «аттасы» да каратист пе деп қалдық. Олар да Брюс Ли сияқты жылдамдықты жақсы көреді ғой.

Аманжан Мәкәрімұлы Жамалов – 18 057 теңге. Бұл кісінікі бір емес, үш айыппұл.

Арман Төлешұлы Қожахметов. Жеті айыппұлдан – 59 727 теңге.

Владислав Борисович Косарев – 12 625 теңге. Екі айыппұлдың екеуі де жылдамдықты асыру. Жасы келіп қалған депутат немересіндей жастармен жарысып жүр деп ойламаймыз. Мұны «аттасы» да бір ойлап қойса дұрыс болар еді…

Мансұрхан Махамбетұлы Махамбетов. Қатты жүргені үшін екі айыппұл, нәтижесі – 55 560 теңге.

Шаймардан Ұсайынұлы Нұрымов – 6 945 теңге. «Жылдамдықты асырып жібергені үшін» деп таңба соғыпты.

Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов. Бес айппұл – 23 613 теңге. Косаревке айтқанды Сұлтановқа да айтамыз. Мұнысы ұяттау болған екен. «Аттасын» айтамыз да…

Бекболат Қанайұлы Тілеухан – 6 945 теңге. Бекеңе таптырмас бір мүмкіндік туыпты. Қаланы шаңдатып жүрген «аттасын» қарғыс тізіміне қосып бір сыбап жіберсе, қатып кетейін деп тұр.

Геннадий Геннадьевич Шиповских. Айыппұлы – 13 890 теңге. Бұ кісінің аттасы да тракторшы деп ойламаймыз. Біріншіден, трактор қатты жүре алмайды. Екіншіден, Ақорданың немесе Кітапхананың алдында дарылдап бара жатқан тракторды көзге елестету қиын.

Мейлі енді, болары болды. Жоғарыда аты аталған кісілер «аттастары» үшін айыппұлды төлей салса, ештеңелері кетпейді. Әйтпесе, айыппұл арқалағандардың арасында аты-жөндері жүргені қайбір жақсы дейсіз.

 

Соңғы жаңалықтар