Жарияланды: 1200

Маңғыстау облыстық СЭС әзірге Ақтау базарларында сатылып кеткен 180 килодан астам обаға шалдыққан түйе етінің небәрі 2 килосын ғана тапты

Маңғыстау облыстық СЭС-ның дәрігерлері эпидемияға қарсы күрес шараларының нәтижесінде әзірге Ақтау базарларында сатылып кеткен 180 килодан астам обаға шалдыққан түйе етінің небәрі 2 килосын ғана тапты. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыстық мемлекеттік эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Бекмұрат Өтесінов 1-тамызда хабарлады.

Б.Өтесіновтың айтуынша, еттің табылмауына адамдардың аурудан қорқуы мен пәледен бойын аулақ ұстау мақсатымен шындықты жасыруы себеп болып отыр. Сондай-ақ, ауру түйенің басы мен бір аяғы табылды. Етті болжамдағыдан әлдеқайда көп адам сатып алып, ендігі жеп қоюы мүмкін деп дәрігерлер қауіптеніп отыр. 1-тамыз күнгі таңертеңгі 6 сағаттағы жағдаймен Маңғыстау облысында обаға шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болған және ауру түйенің етін ұстаған 135 адам анықталып оқшауланды. Соның ішінде Ақтауда 73 адам, Жыңғылды ауылында 38 адам, Таушық ауылында 24 адам анықталды. Олардың барлығы да профилактикалық емдеуден өтуде. Оба індетін жұқтыруға байланысты 3 оқиға ресми тіркелді. Олардың барлығы да ауру түйені союға қатысқан. Нақтыланған мәліметтер бойынша сойысқа барлығы 10 адам атсалысқан. Науқастар симптоматикалық және патогенетикалық емдеуден өтуде. Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында Б.Өтесіновтың хабарлауынша, обаға шалдыққан түйе 4 күн бойы ауырған. Түйенің қожайыны бұл туралы біле тұра мал дәрігеріне хабар бермеген. Сондай-ақ, қала әкімі Серік Оспановтың төрағалық етуімен өткен Ақтау әкімшілігіндегі отырыста Мемлекеттік санитарлық эпидемиологоялық бақылау департаментінің бастамасымен Ақтауда түйе етінің саудасына төтенше бұйрық берілгенге дейін тыйым сала тұру туралы шешім қабылданды. Қазір Жыңғылды және Таушық ауылдарында күн сайын қоражайларға аралау жүргізіліп, дезинфекциялық шаралар жасалуда. Ал Жыңғылды ауылында түйелерді дезинсекциялық өңдеу шарасы жүзеге асырылып жатыр. Маңғыстау облыстық ІІБ-ның қызметкерлері Жыңғылды және Таушық ауылдарын тәулік бойы қорғауға алды. Эпидемияға қарсы шараларға арнап Маңғыстау облыстық әкімшілігі 33 млн. теңге бөлді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть