Жарияланды: 480

Маңғыстау облысында 2003-2005-жылдарда көлік инфрақұрылымын дамыту көзделіп отыр

2003-2005-жылдар аралығында Маңғыстау облысында көлік инфрақұрылымын дамыту көзделіп отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысын 2003-2005-жылдарда әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі индикативтік жоспарда межеленген,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Атап айтсақ, су транспортымен жүк тасымалдау көлемін 2003-жылғы 5,6 млн. тоннадан 2005-жылы 8,1 млн. тоннаға жеткізу жоспарланды. Соның ішінде "Қазақтеңізкөлікфлоты ҚТКЖК " ЖАҚ 2002-жылғы көлемнің 164,7 проценті деңгейінде, немесе 4,6 млн. тонна мұнай тасымалдауды межелеген. Мұндай көрсеткішке Ақтау теңіз айлағын реконструкциялау, тасымалданатын жүк көлемін арттыру шараларының арқасында қол жеткізілмек. "Ақтау теңіз сауда флоты" РМК 2003-2005-жылдарда "Қазақтеңізкөлікфлоты ҚТКЖК " ЖАҚ-ның жеке қаржысы мен несиелік қаржы есебінен №4 және №5 мұнай айлақтарын жөндеуді, бөген мен толқынға тосқауыл жасаушы қондырғыларды 25 млн. долларға жаңалауды, сондай-ақ, Баутино айлағында 150 млн. долларға демеуші базаның құрылысын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 2003-2005-жылдарда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі де артады деп күтілуде. Айталық, 2003-жылы бұл көрсеткіш 66,1 млн. тоннаны құраса, 2002-жылғы деңгеймен салыстырғанда 2005-жылы 124,8 процентті құрайды деген болжам бар. Мұндай көрсеткішке Атырау-Ақтау бағытындағы автожолды салу және Ақтау теңіз сауда айлағын дамыту арқылы қол жеткізілмекші. Сонымен бірге, аталмыш мерзімде жалпы тұтынымдағы автожолдарды дамыту жөніндегі аймақтық бағдарламаны одан әрі жалғастыру межеленген. 2003-жылы республикалық маңызды жолдарда орта мерзімді және ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 200 млн. теңге, 2004-жылы 3970 млн. теңге , 2005-жылы 5581 млн. теңге игеру көзделіп отыр. Ал облыстық деңгейдегі жолдарды жөндеу мақсатына 2003-жылы 756 млн. теңге, 2005-жылы 901 млн. теңге жұмсалады. 2003-2005-жылдарда несиелік қаржы есебінен аэровокзал мен жүк терминалын салу жоспарда бар. Сонымен бірге ұшу-қонуға арналған жасанды белдік-жол мен перронды жөндеу межеленген. Ақтау теңіз айлағының мүмкіндіктері артуының арқасында Маңғыстау бекеті мен Ақтау теңіз айлағы арасындағы теміржол учаскесінде жүк тасымалдау көлемі ұлғаяды. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда алдағы екі жылда тұрғындарға көрсетілетін байланыс қызметінің ауқымы артады. Атап айтсақ, 2003-жылы бұл көрсеткіш 4% немесе 909,1 млн. теңгені, соның ішінде пошталық байланыс қызметі 60 млн. теңгені ; 2005-жылы 3,8%, немесе 974,5 млн. теңгені, соның ішінде пошталық байланыс қызметі 68 млн. теңгені құрайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть