Маңғыстау облысында 4 жасар қыз кәріз құдығына құлап, қаза тапты - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+8 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Маңғыстау облысында 4 жасар қыз кәріз құдығына құлап, қаза тапты

Маңғыстау облысында 4 жасар қыз кәріз құдығына құлап, қаза тапты

Форт-Шевченко қаласының тұрғындары осы секілді ашық-шашық жатқан құдықтарды жабу туралы коммуналдық мекемеге де, әкімдікке де талай ескерткен екен. Алайда адам өлімінен кейін де бұл мәселеге ешкім құлақ асар емес. Қайта, олар ата-ана ойын баласына ие болмаса, осылай өлім-жітімнің бола беретінін айтып отыр.

  • 15 Мамыр 2015
  • 259
Фото - Caravan.kz

9 мамыр Әби әулеті үшін Ұлы той еді. Бүкіл ел үйдегі ардагер атасын құттықтап келіп, кетіп жатқан екен. Осы қарбалас шақта 4 жасар Айымгүл тысқа шығып кетіпті. Артынша қыздың бір бүйірі тесік тұрған кәріз құдығына құлап кеткенін біледі. Құтқарушылар келемін дегенше сәби қалдық суға батып кетіпті.

Әйгерім Жембаева, Айымгүлдің туысы:

-Ең құрығанда қоршау болғанда үстіне барып тұрып қалар ма еді. 4 метрлік, бүкіл іші суға толып тұр. Іші лас, қап-қара су. 1 водовозбен үлгермей, 2 водовозбен сорғаннан кейін барып, қызды құтқарып алды. 1 сағат жобасында…

Коммуналдық қызмет мамандары қыздың тек жансыз денесін алып шықты. Ал үйдің қақ алдындағы шұңқырдың тесігін бекіту туралы коммуналдық мекемеге талай ескерттік дейді көршілері.

Мақсат Сауранов, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны:

-Қазір де көріп тұрсыз. Үсті ашық болады. Адам жүретін жерде, бала ойнайтын жерде қауіпсіз етіп жасау керек қой. Құлып, қоршау болуы керек.

Жергілікті жұрт ашық жатқан құдықтарға ересек адамдадар да, мал да құлағанын айтады. Ал Айымгүлдің қазасынан соң мына құдықты жауып кетіпті. Онда да қоршауы жоқ. Аузын тек таспен бекіткен.

-Форт-Шевченко қаласында ашық жатқан кәріз құдықтары жетерлік. Әрқайсысының тереңдігі әртүрлі. 1 метрден 6 метрге дейін. Құрғағы да, суымен де бар. Ал, мына мен тұрған құрғақ құдықтың тереңдігі 2 метрге таяу. Бұған түсіп кеткен кісі қатты жараланса, өздігінен тысқа шығуы екіталай.

Жергілікті әкімдік болса, кәріз құдықтарына қақпақ жасауға аудандық бюджеттен ақша бөлінбеді дейді. Ал, Айымгүлдің қазасына ата-анасын кінәлап отыр. Ойын баласын қадағаламаса, мұндай жағдайдың тағы қайталанатынын айтады.

Демеген Садықов, Форт-Шевченко қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Енді майып болатынын болады.Енді оған ар жағында люктерін ұрлап кетіп жатса… Уақытымен қоймайды да, алып кетеді.

Полиция 4 жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Олардың алдында тағы құдық қақпағын жымқыратын ұрыларды да табу міндеті тұр. Ал марқұмның туыстары коммуналдық мекемені сотқа беру жайын ойластыруда.