Жарияланды: 1200

Маңғыстау облысында ауылды қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыруға 2003-2005-жылдарда 5030,6 млн. теңге қажет

Үш жылға есептелген ауылды жаңғырту бағдарламасына 5030,6 млн. теңге қажет. Оның 2998,2 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, 1902,3 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен шығарылса, 130,2 млн. теңгесі басқа көздерден жұмсалады.

Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Болат Палымбетов KZ-today тілшісіне берген сұхбатында атап көрсетті. Облыс әкімі бірінші кезекте жүзеге асырылуы тиіс өзекті мәселелер қатарында ауылдық мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй салу, ауылдағы білім беру саласы мен жастар саясатын жүзеге асыру, оралмандар тауқыметін шешу, ауылдық жерлердегі жалпы әлеуметтік ахуалды жақсарту жұмыстарын атады. Қазір облыста ауылшауашылығы саласында ЖШС, АҚ, кооператив, фермерлік және жеке шаруа қожалығы түріндегі 708 субьект жұмыс істеуде. Сонымен қатар 10 мыңнан астам қосалқы шаруашылықтар бар. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі жыл сайын 5-6 процентке артып отыр. Ұжымдық шаруа қожалықтарында 366,2 мың қой, 25,6 мың жылқы, 29,1 мың түйе, 6 мыңнан астам ірі қара мал саналған. 2002 жылы әрбір 100 аналықтан 95 қозы, 46 құлын, 36 бота өсіп-өнді. Облыста асыл тұқымды мал шаруашылығы дами түсуде. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 11 млн. теңге бөлінді. Ал жергілікті бюджеттен мал дәрігерлік шараларға арнап 10 млн теңге бөлінді. Облыс бойынша 3 сүт зауыты, шұбат құятын желі, 30 наубайхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, әрбір ауданда шұбат өндіретін, жүн жуатын және тері өңдейтін цехтар ашу жоспарланып отыр. "Сенек" ААҚ жүн жуып, қой және қаракөл терісін өңдейтін , тері мен жүннен киім тігетін өндірістер ашқан. Ал 3,5 мың түйесі бар "Таушық" ЖШС шұбатты ыдысқа құятын желіні іске қосумен бірге мал соятын цех ашып жұмыс істетуде. Мұндай кәсіпорындар Бейнеу ауданында да бар. Бейнеу СТС-сы жем дайындау, үй салу, қой жүнін механикалық тәсілмен қырқу, тері өңдеу, киіз басумен айналысады. Агроөнеркәсіптік бағдарламаға сәйкес облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы рыноктағы өнімдердің саны мен сапасын арттыру, өнімдердің бәсекелестік қабілетін арттыру көзделіп отыр. Маңғыстау облысы- еліміз бойынша азық-түлік өнімдерінің негізгі бөлігі сырттан әкелінетін бірден-бір облыс. Климаттық ахуалға байланысты облыста астық, майлы дақылдар мен қант мүлдем өндірілмейді. Ал көкөніс пен сүт мардымсыз ғана көлемде өндіріледі. Талдау бойынша, өңірде өндірілетін негізгі азық-түлік өнімдері облыс тұрғындарының етке деген қажеттілігін 29,2%-ке , сүтке деген қажеттілігін 8,6%-ке, балық өнімдері қажеттілігін 31,6%-ке , бақша өнімдері қажеттілігін 3,6%-ке, жұмыртқа қажеттілігін 11,8%-ке ғана қамтамасыз етеді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы аудан және округ әкімдерімен, сондай-ақ, облыстағы ұйымдармен бірлесе отырып барлық ауылдық елді мекендерді төлқұжаттандыру жұмысын жүзеге асырды. Осы материалдар негізінде ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту бағдарламасы жасалды. Облыста ауылды әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған 3 жылдық шаралар жоспары әзірленді. Айталық, тұрғын үйлер, әлеуметтік және мәдени нысандар салу, ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету, байланыс желісін дамыту, жаңадан денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін ашу жұмыстарын одан әрі жалғастыру межеленген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть