Маңғыстау облысына жыл сайын Қарақалпақстан, Түрікменстан, Иран және басқа да республикалардан 2,5 мыңдай оралман отбасылары көшіп келеді. Бұл жалпы алғанда 7-8 мыңдай адам. Басқарма мәліметіне сәйкес, биыл мемлекет 1050 отбасын қабылдауға квота бөліп отыр.
Көші-қон басқармасынан хабарлағанындай, оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету проблемасы әлі де ауыр күйінде қалды. 2004-жылдан бастап мемлекет оларды тегін баспанамен қамтамасыз етпейді. Осыған байланысты көшіп келушілерге үй сатып немесе салып алуға отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі 100 есепті көрсеткіш мөлшерінде қаржы бөлінеді. Ал қаржыны алу үшін үй салуға жер учаскесі бөлінгендігі жөнінде анықтама әкелу қажет.
2004-жылдың 4 айында облыста тұрғын үйдің әрбір шаршы метрін салудың орташа құны 12,6 мың теңгені, соның ішінде қалаларда 14,8 мың теңгені, ауылдық жерлерде 5,4 мың теңгені құрады.
Облыстық еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының төрайымы Ақмоншақ Баужанованың айтуынша, 2004-жылы 2011 оралман жергілікті бюджеттен 10,5 млн. теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегін алады.
Оның айтуынша, сондай-ақ, 24 оралман отбасы коммуналдық қызметтер төлеміне арналған жәрдемақы алады. Сондай-ақ, өз үйінде білім алатын 6 мүгедек балаға материалдық қамтамасыздық мақсатында 2,7 млн. теңге бөлінеді.
Квотадан тыс келген, кәмелеттік жасқа жетпеген 4 немесе одан көп балалы отбасыларға облыс әкімі Болат Палымбетовтың қаулысына сәйкес 2004-жылы 46 мың теңге көлемінде (50 есепті көрсеткіш) бір мәрте жәрдемақы береледі,- деді А.Баужанова.
Биылғы жылдың 4 айында жұмыспен қамту қызметтерінің көмегіне 273 оралман жүгінді, олардың 73-і жұмысқа орналастырылды. 116 адам қоғамдық төлемді жұмыстарға тартылды, деді А.Баужанова.
Маңғыстау облысы қоныс аударған репатрианттар санымен республика бойынша Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарынан кейін 3-ші орында.