Маңғыстау облысында шенеуніктер халі мүшкіл отбасыға қой бергенін айтып мақтанды - kaz.caravan.kz
  • $ 491.37
  • 570.48
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Маңғыстау облысында шенеуніктер халі мүшкіл отбасыға қой бергенін айтып мақтанды

Маңғыстау облысында шенеуніктер халі мүшкіл отбасыға қой бергенін айтып мақтанды

Маңғыстау облысында 90 жастағы қария 3 бірдей мүгедек баласымен, ауру кемпірімен өлместің күйін кешіп жүр. 40 пен 50 -дің арасындағы 3 баласының ақыл-есі кем. Ал жасы келіп, онсыз да тұрмыс тауқыметін көп тартқан отанасы қазір жүріп-тұрудан қалған. Маңғыстау ауылындағы осы жарымжан жанұя тұрып жатқан баспана да өздерінікі емес. Жергілікті шенеуніктер болса, ас-ауқатын істеп ішуге шамасы келмей отырған отбасына қой беріп, көмектескенін місе тұтып отыр.

  • 28 Қараша 2014
  • 266
Фото - Caravan.kz

-14 бала көтерді бұл кемпір. Сол 14-тен қалғаны осылар…

Сартбек – 49, Амандық – 39-жаста. Екі иығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай қос азаматты мүгедек деуге қимайсың. Бірақ туылғаннан ақыл-есі кем. Ал 45 жастағы Меруерт мектепті де, училищені де үздік бітірген. Рахман қария осы қызын ақылынан алжасады деп ойламапты.

Рахман Қазиев, зейнеткер:

-Құдайдың ісі шығар да. 32 жасында бұған да тап болды. Үйде отыр бұл бала да. Шәй-тамағын қайта-қайта іш демесең, отырып қала береді…

Үш баланың жәрдемақысы да, Рахман ата мен Ару әжейдің зейнетақысы да тамақ пен дәрі-дәрмекке жұмсалады. Тыл ардагері бола тұра, алатын ақшалары да мардымсыз. Қазиевтер отбасы Маңғыстауға Түркіменстаннан 5 жыл бұрын көшіп келген.

Рахман Қазиев, зейнеткер:

-Бүйерге келген соң менікі 15 000-теңге. Мұны аз көріп облыстық собезге бардым. Олар айтты: ата, деді, Қазақстанға Сіздердің еңбегіңіз сіңген жоқ деді.

Ата жұртқа қоныс аударған алғашқы жылдары Қазиевтер отбасы біреудің ауласындағы сарайын жалдап тұрыпты. Сосын аталас ағайыны үйінің қасынан бір бөлме қосып, салып берген. Алайда онда не су, не жылу жоқ. Бұдан артық жағдай жасауға шамам келмейді дейді туысы. Әзірге жұмыссыз жүрген соң, ас-ауқатты өзі даярлап беріп жүр.

Дүйсенбек Қазиев, Р.Қазиевтің туысы:

-Шай қайнатып іше алмайды. Өздері тамақ пісіріп жей алмайды. Үйде өзіміз пісіріп әкеп береміз.

Жүріп-тұрудан қалған ауру шешей де, ақылы кем балалар да дәретін үйде сындырады. Ыдыс-аяқ пен кір-қолаңның да жуылмағанына көп болған. Сондықтан қолаңса иіс қолқаны қабады. Үйдің тіреуі боп жүрген Рахман атаны да соңғы кездері қарттық жеңе бастады. Тек еңбектеп жүреді. Осылайша күнелтіп жатқан отбасына ауыл әкімдігіндегілер қой бердік дейді.


Қалқатай Өтемұратов, Маңғыстау ауылы әкімінің орынбасары:

-2-3 мәрте азық-түлікпен көмектестік. Айт кезінде кәсіпкерлердің қолдауымен сиыр еті берілді. 1 қой берілді. Тірідей. Көмек ретінде. Үйіне барып қойды өзіміз апарып тастағанбыз. Мүгедек балалары барын білеміз. Енді оның не затқа арызданып жүргенін…

Ауылдық әкімдіктегілер әлеуметтік қызметкер тек жалғызбасты мүгедектерге ғана тағайындалады дейді. Ал 4 мүгедегі бар Қазиевтер отбасында 90 жастағы Рахман қарияның әзірге дені сау. Сондықтан оларға көмекші берілмейді екен.

-Рахман Қазиев Мұнайлы ауданында пәтер кезегінде тұр. Алайда шенеуніктер оның кезегінің қашан келетіні түгілі, баспанасының жоқтығын да білмей отыр. Ал Рахман ата болса, балаларын мүгедектер интернатына тапсырғысы жоқ. Өзі де кемпірін алып, қарттар үйіне барғысы келмейді. Тілегі біреу ғана: ештеңеге қарамастан отбасының бірлігін сақтап қалу…