Жарияланды: 850

Маңғыстау облысындағы барлық еңбекпен түзеу мекемелері апатты жағдайда - сенатор Бурлаков

"Маңғыстау облысында 60-шы жылдардың орта шенінде салынған еңбекпен түзеу мекемелерінің төртеуі де әбден тозығы жетіп апатты жағдайда жұмыс істеуде". Бұл туралы бүгін, 18-қыркүйекте өткен сенаттың жалпы отырысында депутат Леонид Бурлаков мәлімдеме жасап, осы мәселе бойынша ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовқа депутаттық сауал жолдады.

Сенатор ортаға салған мәліметтерге жүгінсек, "қазіргі жағдаймен еңбекпен түзеу мекемелерін күрделі жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру орынсыз әрі тиімсіз болмақ". "Әсіресе құрт ауруына шалдыққан тұтқындар шоғырланған ГМ 172/7 санды колонияда тіптен ауыр ахуал қалыптасып отыр",- деп мәлімдеді Л.Бурлаков. Депутаттың хабарлауынша, "газ өңдеу зауытынан бірнеше шақырымда орналасқан колония апатты жағдайда, суды су таситын машиналар жеткізсе, канализациялық ағызынды сулардың қайта жіберілетіні беймәлім. Колонияда осынау нысанның тіршілігін қамтамасыз етуге бағытталған тиісті инфрақұрылым жоқ",- деді ол. Депутаттық сауалында сенатор үкімет басшысына аталмыш колонияны жауып, ондағы құрт ауруына шалдыққан тұтқындарды басқа түзету мекемесіне ауыстыру туралы ұсыныс жасады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть