Жарияланды: 970

Маңғыстаудағы обаға ұшырады делінген түйе етінен оба микробы табылмай отыр

Маңғыстау облысы Жыңғылды ауылында сойылған түйеге қойылған оба диагнозын ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің мамандары паталого-анатомиялық және эпизоотикалық көрсеткіштер бойынша дәлелдей алмады. Бұл туралы бүгін, 1-тамызда Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мал дәрігерлік департаментінің директоры - ҚР Бас мемлекеттік мал дәрігерлік инспекторы Марат Мыңжанов хабарлады.

М.Мыңжановтың пайымдауынша, Маңғыстаулық тұрғындардың оба дертіне ұшырауына түйенің еті емес, түйені сою барысында бүрге немесе кенеге шағылуы себепкер болуы мүмкін. Осы орайда М.Мыңжанов аталмыш ауылдағы барлық 1132 түйе сау деп хабарлады. Өйткені, олардың бәрі егілген. Бірақ,-дейді М.Мыңжанов, "біз денсаулық сақтау министрлігіне бағынышты обаға қарсы күрес институты шығаратын вакциналарды қолданамыз. Олардың тиімділігі 65 проценттен аспайды". Оба ауруына ұшырады делінген түйенің сүтін емген ботасы да ауруға шалдықпаған. Оба микробының инкубациялық мерзімі 1 күннен 6 күнге дейін, әрі кеткенде 8 күнге дейін созылуға тиіс . Алайда күні бүгінге дейін бірде-бір малдан оба ауруының белгісі білінбейді. Ал бүгін 9-шы күн. Сондай-ақ, ветеринария департаменті әлі күнге дейін аталмыш диагнозды нақтылайтын сараптама қағазын алмаған. Бұл сараптаманы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің обаға қарсы станциялары жүргізуі керек . "Ветеринариялық зертханалардың ондай зерттеулер жүргізуге құқы жоқ",-дейді ҚР Бас мемлекеттік мал дәрігерлік инспекторы. Ақырғы қорытынды бактериологиялық зерттеулер нәтижесінде шығарылады. Сондай-ақ, бүгін, аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы күрес шараларын оперативті жүргізу үшін ҚР ауылшаруашылығы министрлігі мен денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен іс-қимылдары туралы бұйрыққа қол қойылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть