Мақсат Жақауов: Нәпсіге еріп кету қалай оңай болса, шеруге шыққандардың да арандап қалмауына ешкім кепілдік бермейді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мақсат Жақауов: Нәпсіге еріп кету қалай оңай болса, шеруге шыққандардың да арандап қалмауына ешкім кепілдік бермейді

Мақсат Жақауов: Нәпсіге еріп кету қалай оңай болса, шеруге шыққандардың да арандап қалмауына ешкім кепілдік бермейді

Халықтың жаппай бейбіт шеруге шығуына не себеп? Арандатушылардың теріс пиғылын бірден аңғару мүмкін бе? Қазақстандағы діни радикалдарды қалай жазалау керек? 

  • 19 Қаңтар 2022
  • 442
Фото - Caravan.kz

Қазіргі жағдайда елде нені өзгертуге болады, Қазақстандықтар бейбіт шеруге шығып үйренді ме?

Осы және өзге де сұрақтар жайында білу үшін Caravan.kz медиа порталының тілшісі саясаттанушы Мақсат Жақаумен сұхбаттасты.

— Елдегі жағдайды білесіз, әсіресе Алматы қаласындағы лаңкестік жағдайды. Саясаттанушы ретінде елде осындай жағдай болуы мүмкін немесе халық жаппай митингке шығып кетеді деген болжамыңыз болды ма?

— Бұл болжамның болуы осы уақытқа дейін қоғамда сақталып келді, кез-келген уақытта май толы бөшкеге отты тұтандырып жіберетіндей жағдай болуы керек еді. Себебі, тұтасы экономикалық даму көрсеткіштердің нашарлығы, барлық салада қағаз жүзіндегі әдемі көрсеткіштер өмірдің шынайы көрінісінің бетін тұмшалаумен келді. Мәселе, тек енді кезекте халықтың жаппай көшеге шығып кету сәтінің тықылдаған бомба сағатына байланысты болды. Ол сағаттың қосылуы соңғы он жылда өзекті еді.

— Кейбір бейбіт шеруге шыққандардың өзі арандатушыларға еріп кетті деп те жатыр. Арандатушылардың теріс пиғылын бірден аңғару мүмкін бе?

— Мұнда екі сауал тұр екен, әуелі біріншісін дұрыс талқылап алайық. Қай жағдайда да көпшілік жиналатын жерде өтетін шараның немен аяқталатынын ешкім де білмейді, өйткені түрлі факторлар әсер етіп кетеді. Мысалы қарапайым той-домалақтың да немен аяқталатынын болжап білмейміз, бәлкім ішіп алып төбелес шығады ма, бәлкім халал той болып, бәрі өз аяқтарымен кетеді ма дегендей. Бірақ митингілердің табиғаты халал не харам болып бөлінбегендіктен, ол жерде түрлі көзқарастың, түрлі мүдденің, түрлі әлеуметтік топтың, мақсат-мұраттардың шоғырланған ортасы болғандықтан, салыстырмалы түрде толқу мен реакцияшылдық дүмпулерге ұласып кету қауіптерінде тәуекелділік пайызы өте жоғары болады. Сондықтан, шерулердің мейлі бейбіт формасында болса да, немен аяқталатынын ешкім де көз жеткізіп айта алмайды. Оны теорияда, практикада дәлелдеп береді. Сондықтан адам баласы күнделікті өмірде азғындалу мен нәпсісіне еріп кетуі қалай оңай болса, шеруге шыққандардың да арандап қалмауына ешкім де кепілдік бермейді. Мәселе осында…

Екінші сауалда, шеру барысында түрлі эмоциялар қосылады. Оның шынайылығы мен қасақана пиғылын аңғару қиын, себебі, криминалистикада әсер ету жағдайы – состояние аффекта деген бар. Сол көтеріңкі түрлі күйлер ашу-ызалы жағдайда өздеріне есеп бермей кететін психологиялық күйлерге түсіреді. Ал кешегі қаңтар оқиғаларының жағдайында басында әділдікті, әлеуметтік ахуалды, экономикалық мүдделерді талап еткен жұрт, жүре-бара көзқарастары радикалдық деңгейге азаматтық жауапкершіліктерден ауысып шықты. Мұнда қосымша ақпараттар мен ұрандар қосылып, әрекеттерге итеретін бағыттар орын алды. Шеруге жиналған топ ретсіз, жетекшіліксіз, жүйесіз болғандықтан, оны бағдарын басқаруға оңай дәрежеге түсті. Бұл жерде шеру жасау мәдениеттілігі мен азаматтық білімнің жоқтығы анық көрінді.

— Елдегі бүлік кезінде Қазақстанға Тәуелсіздіктен айрылып қалу қаупі төнді ме?

— 4-5 қаңтар ел билігіне де, қоғамға да үлкен сигналдарды берді. Бұл бұрын-соңды мұндай шерулердің болмауы, сол шеруге қатысушылардың Қазақстан бойынша өте көп жаппай қамтылып кетуі, арты қиян-кескі ұрыстардың, тонаудың, өртеудің, қиратудың, алғашқы зардап шегуші, өлімдердің пайда болуы, бәрімізді қай жерден қате кетті? деген сауалдарға жауап іздеуге жегіп қойды. Меніңше, дәл осы сауал Президентті де, оның жанындағыларды да мазалағаны анық. Әрине, мұндай форматтағы құбылыстың өтуіне, сөзсіз, кешенді тұрғыда жауаптылары да, кінәлілері де бары рас. Өйткені, мұндай дәрежедегі шерулердің соңын осындай материалдық, моральдік, физикалық шығындармен аяқталатын тірліктердің айналдырған екі-үш күннің дайындығы еместігін балаға да белгілі болды.

Егер қару қолдануға рұқсат бермей, ОДКБ-ң күштерін тартпай осылай абдырап, саяси ерік-жігерсіз билік енді екі күн отырып қалғанында, Алматы, Шымкент, Семей, Қызылорда, Талдықорған тұрмақ, ел астанасын айтпағанда, әрбір еліміздің аудан орталықтарын да аямай шарпып өтетін еді. Істің насырға шаппай, дер кезінде Президенттің персоналды жауапкершілігімен Қауіпсіздік кеңесін ашып, үлкен шешімдерді қабылдауға батыл қадам жасауы, көп проблемаларды алдын алды. Мұнысымен, қазақшалап айтсақ, құдай оның бетін ары алды деп түсінуіміз керек.

— Қалай ойлайсыз, Қазақстандықтар бейбіт шеруге шығып үйреніп пе?

— Меніңше, бұл жерде біраз осы тақырыпты жіліктеп қарауымыз керек. Себебі, Алматыда шеруге шыққан контингент пен Ақтау, Жаңаөзен, Атырауда алаңға шыққан халықты салыстыруға болмайды. Өйткені соңғыларында жұмысшы топ, басым бөлігі нақты әлеуметтік-экономикалық мәселені ұйымдаса талап қойды. Және үлкен саяси мәдениеттілік танытты. Оларды сырттан күштер келіп азғырса да, ол жердегі 17-18 жасар өмірді көрмегендер емес, алды орта жастағы, арты жас отбасылы мамандар құрады. Мұндай әлеуметтік топтың ұтарынан жоғалтатыны көп.

Ал енді Алматы, Қызылорда, Шымкенттегі аяғы дүрбелеңдерге жалғасқан шеруге қатысушыларды анықтасақ, бастапқыда ниеті дұрыс шерушілер қатысты, ортасынан бастап, оған жағдайы төмен аудандарының, қаланың сыртында, ауылдарда тұратын табысы бірде бар, бірде жоқ, әлеуметтік күйзеліске түскен, сонымен қатар, түрлі талғажау еткен кәсіпті таңдамай, сатушы, құрылыста, охранада, базарда, ұрлық жасап жүрген, былайша айтқанда, қоғамның ең төменгі деңгейіне түскен өркениеттілік өмірден жұрдай еліміздің азаматтары қатысты. Бірақ, бұл топты мен тұтандырып жіберсе лап ете қалатын отынға балаймын. Ал сол шерулердің ортасынан  қосылып, отқа май құйып жіберген топ — бұлар нағыз ниеті жаман содырлар, баскесерлер, лаңкестер еді.

Міне, сондықтан осы шеруге қатысқандарды үш бөліп қарастыру керек, бұлар – шеруші-бастамашы топ (азаматтық құқығын білетіндер), шеруші-жыртқыштар (қоғамның төменгі тап өкілдері), шеруші-лаңкестер, содырлар (елге қауіпті қылмыскерлер).


Егер шеру бәрі керемет өтуі тиіс дегендер болса, олар әлем тәжірибесін көрмегендер деп атайтын едім. Мысалы, Франция, Италия, Греция, Гонгконг, Бразиялияның өзінде шерудің астан-кестеңі шыққан формалары өтіп жатады. Бұл олардың саяси мәдениеттіліктің төменділігінен емес. Жалпы шеруге шығуға қозғаушы талап-арыздардың ауқымдылығына байланысты болмақ. Бірақ, талап-арыздың қою шерулерінің қоғамға да, біреудің мүлкіне де зиянын келтірмей өркениетті түрде өтетін шерулер болады. Есімізде болса, еуропалық фермелерге берілетін субсидалардың төмендігі мен бюрократияның шектен шығуына әрбір қаланың орталық көшелеріне мыңдап тракторларды әкеп қоюынан көкөніс, жемістер келмей қалды, немесе метро, электричкалардың қызметкерлерінің бес сағаттық шеруі, логистика тоқтап қалды, жұрт жұмысына бара алмай қалды. Нәтижесінде билік дереу талап-араыздарды қанағаттандырып, естіді, мәселелерінің ортақ шешіміне келді.

Бізге де осындай креативтік әрекеттер керек. Егер азаматтық қоғамның жанды жерінен басса, байланысып тұрған басқа организмдер де дереу тоқтайды. Ал ол үшін, азаматтық білім керек.

— Қазақстандағы діни радикалдарды қалай жазалау керек?

— Санасы уланған адамның бетін бері бұруға үлкен уақыт керек. Онымен күрес сана негізінде жүреді. Мен қашаннан бері айтып келе жатқан мәселем, біздің қоғамда әр түрлі саладан халықты тыңдата білетін, халық тыңдайтын қайраткерлердің жоқтығы. Діни қайраткерлер, дәстүрлі діннің зайырлы білімін терең меңгерген ғалымдар аз бізде. Болса да үндері шықпайды. Жалпы уағызға қарсы уағызбен бару керек. Санасы уланып тұрған адамды, қанша сотта, ұрып-соқ, оның миындағы уды қайтару оңайға түспейді.

 Екінші мәселе, теолог, психолог ғалымдардың тиісті мекемелерде, қоғамда, ақпараттық кеңістікте жоқтың-қасы. Жұрт алдында жүргендер қыз бен жігіттің, үшінші мен төртінші әйел алу тақырыптарынан ары бармайтын ұсақ-түйек тақырыптармен білгішсініп жүр. Ондайларды мүлдем жақындатпау керек. Керек десеңіз, ішкі пиғылының қаншалықты дұрыстығын анықтау үшін өздерін тексеріп бағу керек. 

Үшіншіден, тікелей осы бағытқа жауапты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) жұмысын күшейту қажет. Президенттің бастамасы өте дұрыс. Біздегі ҰКК шындығында саясиланып, саяси процестерге үлкен мән беріп кетті. Сайлаудан сайлауға дейінгі, күнделікті шерулерге шыққан шал мен кемпірлермен алысып кетті. Бұл жерде бәріне топырақ шашуа болмас, айтайын дегенім осы мекемеде жоғары кәсіби мектептің өкілдерінің азайып кеткені, нағыз професслоналдардың жоқтығына әкелуде. Тағы да қоса кететін мәселе, ол жерде кәсіби кадрлық өсімнің тоқтағаны, саяси тағайындалуды тоқтату керек. Биліктің де осы ретте қателігі бар. Географиясы мен биографиясына қарап департамент басшылығынан жоғары қарай кімді қоямын, кімге генерал атағын беремін деген кешегі кезеңнің әдетін қою керек. Жас мықты кадрлар сарбаз болып бастаса, генерал болып өсетін арманына жететіндей әділ жүйені орнату керек. Кадрлар көп мәселені шешеді, ал уақытша адамдар қашанда тек науқанмен шектеледі.  

— Президент Тоқаевқа қазір осылай, осылай деген ұсыныстар айтып жатыр. Ал сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз? Қазіргі жағдайда елде нені өзгерту керек?

— Президенттің мемлекеттік ұстанымын жүз пайыз қолдаймын. Оның бастамалары, алдыға қойған реформалары әбден уақыты жеткен елдің арманы. Дегенмен, менің баса айтқым келетіні, әр істе өз адамы болады. Сол істі алып шығар, ниеті адал, тірлігі таза, сапалы болатындай кадрлық саясатты нығайтса екен. Әсіресе, Өзбекәлі Жанібеков, Әуелбек Қоңыратбаев, Ерік Асанбаев, Марат Оспанов, Дінмұхамед Қонаевтарға жететін мықты мемлекетшіл, үлгі тұтатындай қайраткер хәм қызметкерлер шығарса, әкімшілік реформаларды жетілдіре беретін, кадрлық лифтілерді ашатын, жершілдік, рушылдық, кланшылдықты тыйғызатын саясатты нық ұстанса екен.

Екіншіден, ғылым мен мәдениетке, спортқа ерекше көңіл аудару керек. Қазақ «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» дейді, қадіріміз осы бағытта оңбай қашып тұр. Содан болар, еліміздің зиялы қауымы да тосылып, бұлқынып, тұншығып қалғаны.

Үшіншіден, реформаларды бастағанда, Грузияны көркейткен Сакашвили сияқты, Сингапурды алдыға жетелеген Ли Куан Ю сияқты «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген принциптермен әрекеттенсе екен, ал халық әр қашанда тура билейтін, әділ басқаратын ел басшының жанынан табылатына сенуі керек. 

 

Соңғы жаңалықтар