Сессияға мәслихаттың 30 депутаты қатысты. 5 адам белгілі себептермен қатыса алмады.
Депутаттар қала әкімінің лауазымына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Ахметжан Есімовтің кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Алматы қалалық мәслихатының 5 шақырылымының хатшысы Қалдыбай Қазанбаев Мемлекет басшысының ұсынысын оқып өтті.
«Құрметті депуттар! ҚР Конституциясының 87-бабынын 4- тармағына сәйкес Алматы қаласы әкімі лауазымына тағайындауға келісу үшін Ахметжан Есімовтің кандидатурасын ұсынып отырмын. Ахметжан Есімов 1950 жылы туылған. Қазақ ауылшаруашылығы институтын, Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, мемлекеттік басқару органдарында, дипломатия саласындағы басшы лауазымында мол жұмыс тәжірибесі бар. Премьер-Министрдің орынбасары, Президент Аппаратының басшысы, Ауыл шаруашылығы министрі, Қазақстанның Бельгия корольдігіндегі өкілетті елшісі қызметін атқарған. 2008 жылдың сәуір айынан Алматы қаласы әкімі қызметіне тағайындалған. Қолдауларыңызды сұраймын», — деп жеткізді Мемлекет басшысының хатын мәслихат хатшысы.
Жиынға қатысқан депутаттар қаланың көркейіп, дамуында, экономикалық тұрғыдан нығаюына Ахметжан Есімовтің қосқан үлесінің ұшан-теңіз екендігін айтты.
«Өткенде ғана 2014 жылғы даму көрсеткіштерімен таныстық. Алматы қаласының жалпы республикалық ЖАӨ көрсеткішіндегі үлесі 20,7 %-ды құрады. Бұл көп нәрседен хабардар береді. Қала тұрғындарының депозиттегі қаржысының сомасы 2 трлн. теңгеге жетті. Бұл қала халқының табысы артып келе жатқандығын көрсетеді. Маған көрсеткен сенімдеріңізге рахмет. Бұл — тек менің ғана еңбегім емес, бір команданың біріге атқарған жұмысының нәтижесі»,- деді А.Есімов.