Ж.Тұяқбайдың мәліметі бойынша, екінші шақырылған парламент депутаттары 170-тей заңның жобасын жасады. Олардың басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік даму мәселесіне арналған. «Нәтижесінде бұл жобалардың үштен бір бөлігі ғана заңға айналды. Дегенмен, депутаттық бастамаларды жоққа шығарған үкімет сол жобалардағы идеяны өздері ұсынған заңнамалық ұсыныстарда әжетке жаратқанына көп мәрте куә болдық»,- деді Ж.Тұяқбай. Спикердің пікірінше, бұл «үкіметтің қорытындысын шығарту процедурасын өзгерту қажет деген ойға жетелейді». «Үкімет тарапынан кері қорытынды шығарылған жағдайда, заң жобасы туралы бастама көтерген депутаттар бұл мәселені тең құқылы келісім комиссиясында талқылату құқығына ие болуы тиіс деген тұжырымға келдік»,- деді мәжіліс төрағасы.
Ж.Тұяқбайдың пайымдауынша, билік бұтақтары арасындағы қарым-қатынаста белең алған теңсіздік «парламенттің басқа да маңызды бастамаларын іске асыруға мүмкіндік бермеді». Атап айтсақ, «Жер кодексі көпшілік депутаттардың қалауындағыдай болып шықпады». Осындай жетілдірілмеген заңнамалық актілердің қатарында спикер «Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы» заңды атады. Сондай-ақ, үкіметтің қыңыр ұстанымы депутаттарға өндірістік қалдықтар проблемасын шешуге септігін тигізетін тиімді негіз қалауға мүмкіндік бермеді. «Атқарушы биліктен Иракта жүрген қазақстандық бітімгершілік батальонның болашағы мен құқықтық мәртебесі туралы нақты тұщымды жауап ала алмай, тағы бір ащы сабақ алдық».