Жарияланды: 690

Мәжілісте валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасының таныстырылымы болып өтті

Астана. 29 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Мәжілісте кеше "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы болып өтті, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Керімжан Бижанов кіріспе сөзінде бұл құжаттың маңыздылығы жөнінде айтып өтті. Заң жобасы бойынша Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының оң сараптамалық қорытындысы алынған. Айта кету керек, заң жобасымен шетелден ұлттық және шетел валютасындағы қаражатты қайтармағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қолдану үшін шекті мәндерді ұлғайту көзделіп отыр. Валюталық реттеуге қатысты түзетулерді парламентшілерге ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышев таныстырды. "Осы заң жобасын әзірлеу мақсаты - Қазақстандағы валюталық реттеу және валюталық бақылау жүйесін жетілдіру. Бұдан әрі ол мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады: Біріншіден, валюталық реттеу режимдерін жұмсарту және оларға байланысты әкімшілік рәсімдерді жеңілдету. Екіншіден, валюталық түсімді қайтару талаптарын нақтылау және жеңілдету және қайтару талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілік көзделетін нормалардың пәрменділігін күшейту. Үшіншіден, елдің қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төнген жағдайда қолданылуы мүмкін валюталық реттеу шараларының аясын кеңейту",- деді Д.Ақышев. Заң жобасының реттеу мәні валюталық реттеу режимдері және валюталық бақылау рәсімдері саласында қалыптасатын құқықтық қатынастар болып табылады. Қазақстанның валюталық режимді ырықтандыруға әрекет жасауы және құрылған валюталық реттеу және валюталық бақылау жүйесі алға қойылған мақсат - капиталдың артық ағындарын бақылауды жоғалтпастан халықаралық бизнесті жүргізуге кедергі жасайтын валюталық шектеулердің күшін жоюға қол жеткізуді қамтамасыз етті. Қазақстанның тәжірибесін ХВҚ және басқа халықаралық ұйымдар оң бағалады және ТМД елдерінің, атап айтқанда Ресей Федерациясының, Беларусьтің, Украинаның, Әзербайжанның, Арменияның және Тәжікстанның орталық банктері тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Сонымен қатар қолданылып жүрген заңнама шеңберіндегі жұмыс практикасы, бір жағынан, валюталық реттеу талаптарын одан әрі жұмсарту мүмкіндігін, екінші жағынан, қайтару талаптарын және дағдарысты жағдайда қолданылуы мүмкін шараларды неғұрлым нақты қалыптастыру қажеттілігін, сондай-ақ валюталық заңнаманың нормаларын сақтамағаны үшін жауапкершілік көзделетін нормалардың пәрменділігін күшейтуді көрсетті. Валюталық реттеу режимдерінің талаптарын жұмсарту және валюталық бақылау рәсімдерін жеңілдету мақсатында заң жобасында бірнеше шаралар көзделген. Заң жобасында валюталық операциялар бойынша Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатерлерді жою үшін енгізілуі мүмкін уақытша шектеулердің тізбесі нақтыланады және кеңейтіледі. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін