Жарияланды: 640

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Инвестициялық қорлар туралы" заң жобасын мақұлдады

Бүгін, 21-сәуірде өткен мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары "Инвестициялық қорлар туралы" заң жобасын мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау Агенттігінің төрағасы Болат Жәмішевтің түсініктемесіне жүгінсек, "заң жобасы Еуропалық тәжірибеге жүгіне отырып елімізге ғана тән айрықша факторларды ескеру негізінде Қазақстанда инвестициялық қорларды дамытуға түрткі болу мақсатын көздейді". Оның айтуынша, заң жобасының ерекшелігі сол, онда үлестік инвестициялық қор және тәуекелді инвестициялық қор туралы ұғым қолданысқа енгізіліп, осындай қорларды құру, жұмыс істеу және жұмысын тоқтату шарттары мен бағалы қағаздардан басқа салаға инвестиция салу мүмкіндіктері айқындалған. Сондай-ақ, инвестициялық қордың іс-қызметі туралы ақпаратты жариялау тәртібіне қойылатын талаптардың қолданысқа енгізілуі де заңның жаңалығы болмақ. Мәселен, онда үлесті инвестициялық қор заңды тұлға болып табылмайды деп көрсетілді. Ол сенімді басқаруға алу жөніндегі келісім бойынша инвестициялық қоржынды басқаруға лицензия алған ұйым түрінде құрылады. Үлесті инвестициялық қор оның үлесін сатудан түскен ақша жинақталатын біртұтас ақша пулына ұқсас, қор активтерін басқаратын ұйым. Б.Жәмішевтің айтуынша, аталмыш заң бағалы қағаздар рыногында жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ жеке инвесторларға, сондай-ақ, өздері көрсететін қызмет түріне қосымша сұраныс тудыру арқылы бағалы қағаздар рыногінің кәсіби қатысушыларына қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ, мәжіліс депутаттары инвестициялық қорлар жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірінші және екінші оқылымда мақұлдады. Мәселен, Азаматтық Кодекстің 893-бабына "инвестициялық қорлардың активін сенімді басқару" туралы жаңа редакциялық өзгеріс енгізілді. Б.Жәмішевтің айтуынша, бұл Қазақстан Республикасының заңнамаларына инвестициялық қорлардың активін сенімді басқару ерекшеліктерін кіріктіру мүмкіндіктерін айқындау үшін жасалып отыр. Оның пікірінше, бірқатар заңнамаларға енгізілетін өзгерістер инвестициялық қордың лицензия негізінде іс-қызмет жүргізуін заңдастыратын норманы алып тастауға, сондай-ақ, инвестициялық қорлардың активтерін жабылатын банктердің конкурстық массасына қоспау жөніндегі норманы қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оларда қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау, инвестициялық қордың жұмысын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мекеменің құзырет аясын белгілейтін норма қарастырылған. Сондай-ақ, жекелеген банк операцияларын жүзеге асыруға лицензия беру жөніндегі Ұлттық банктің функциялары нақтыланған. Заң жобалары сенаттың қарауына берілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін