Жарияланды: 1600

Мейрамбек Бесбаев «астарлы саясат» жүргізіп отырған «Гәкку» арнасының былығын әшкере қылды

Мейрамбек Бесбаев «астарлы саясат» жүргізіп отырған «Гәкку» арнасының былығын әшкере қылды

Еліміздің сүйікті әрі дара әншісі Мейрамбек Бесбаев отандық музыкалық арналардың жүргізіп отырған астарлы саясаты жайлы сөз етті. Әнші алғашқыда қазақи әншілерді насихаттау арқылы көрермен жинап, кейіннен оларды бір шетке ысырып қойған «Гәкку» арнасының былықтарын жайып салды.

Бұл туралы Бесбаев Zhuldyz.tv арнасының «Сенбілік серуен» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.

Мейрамбек «Гәкку» арнасы ұйымдастырған бір концертке шыққанына өкінетінін жеткізді. Себебі концертті ұйымдастырушылар ескертпестен, «Музарт» тобының артына жалаңаш қыздарды билетіп қойыпты.

«Бұл бізге жасалған қастандық. Сүйіп жүрген «Музартың» былай да шығып жатыр-ау деп елге көрсету. Сосын сол концертте МС Сайлаубек деген шықты. Мысалға, не тілін түсінбейсің, ол өзінің не айтып тұрғанын білмейтін адам. Сол концертке бірге шықтық. Мен ананың дәрежесіне түстім деген жоқпын. Бізді, жалғыз бізді ғана емес, бүкіл әншілерді соның дәрежесіне түсірді. Сондайды істеп жатқан ішімізде алаяқтар бар, шапанын теріс киіп жүрген…

Өтірік, бізге жаны ашығансымақ болып, бірақ біздің өнеріміздің бәрін араластырып, сорпа қылып, дәмсіз бірдеңе қып жатқан… Сондай нәрселерге кейде қынжыласың», – дейді Мейрамбек.

Әншінің айтуынша, алғашқыда қазақтілді әншілерді насихаттап, көрермен жинап алған «Гәкку» арнасы бүгінде оларды «лақтырып тастаған».

«Гәкку» арнасына неге ренжіп отырмын? Басында қазақи болып бастады, алдады бізді. Киіз үй болып бастады. Бәріміз келдік, клиптерімізді бердік. Ойбай, қазақтардың барлығын жарылқап жатыр екен деді… Әдемілеп тұрып алып келді. Сосын алды да жайлап елді тартып алғаннан кейін, уықтарының бәрін лақтырып тастады. Бір күні шаңырақ құлайды ол, қашаңғы бола береді дейсің?! Сөйтіп тұрып енді екіншісін ашып алды, “Той Думанды”. Өтіріктен арамдық жасаудың қажеті жоқ. Оның о бастағы саясаты сондай болған – елді, қазақи көрермендерді тартып алу. Өйткені таптап кетті, олар өтпей қалды. Той-томалаққа шақырмай кетті жаңағыларды.

Қазақи әншілер қатты күрт көтеріліп кетті. Тойда жүрген әнші болсын жағдайы жақсы болып кетті. Олар оны қарап, сезіп отыр. Оларға сұраныс болмағаннан кейін, бұлар қазақилардың бәрін көрсетіп алып, «негізі кәсіби деңгей деген мынау» деп бәрінің әкесін танытып, шығарып жіберді. Жасап отырған саясатын біліп отырмыз ғой.

Егер де сен онда сырға тағып бар, түк мәні жоқ клиптеріңді апарсаң, өтірік айтпаймын жарты сағат сайын көрсетеді. Ал егер жақсы дүние алып кел, шолпысын тақтырып, сәукелесін кидіріп кел… Мысалы, Жазира мен Жанболаттың клипін алып баршы, көрсетпейді. Әйтеуір қазақ ренжімесін деп аптасына бір көрсетер. Сондай өтірік саясатпен адамдарды алдап бітті», – дейді Мейрамбек ашынып.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін