Жарияланды: 300

Мектеп бітіретін түлегі жоқ ауыл

Мектеп бітіретін түлегі жоқ ауыл

Биыл Ақсуатта мектеп бітіретін түлек болмады.

Жалпы, мектеп дегеніңіз халықтың ең жанды жері. «Мектеп жабылды» деген сөз, ол ауылдың болашағы жоқ деген сөз. Мектебі жабылған ауылдан халық басқа жаққа үдере көшеді. Мектепті ауылдың алтын қазығы десек те болады. Бірақ, соңғы жылдары шалғайдағы ауылдарда бала санының аздығынан білім ордалары көптеп жабылуда. Немесе орта мектеп негізгі орта мектепке, негізгі орта мектеп бастауыш мектепке айналуда.

Әрине, өкінішті. Күршім ауданында барлығы 41 мектеп бар болса, оның 23-і толық комплектілі мектеп, қалғаны шағын жинақталған мектеп көрінеді. Мысалы осы аудандағы Ақсуат ауылындағы орта мектептің 10, 11 сыныптарын бітіретін оқушылар болмаған.

Мектеп директоры Еркінбек Жұмағұловтың айтуынша, жалпы бұл ауылда мектептің тарихы 1931 жылдары халықты жаппай сауаттандыру кезеңінен басталады. Бүгінде бұл ауылдағы мектептің жалпы білім беретін орта мектеп болып құрылғанына 50 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда Ақсуат ауылындағы білім ордасында барлығы 56 бала ғана бар.

- Жалпы, Үкіметтің қаулысы бойынша бастауыш мектепте 5-20 балаға дейін, негізгі орта мектепте 41-ден 81-ге дейін, ал орта мектепте 81-ден 180-ге дейін оқушы болуы керек. Өкінішке қарай, биыл бізде 10, 11 сыныптарды бітіретін оқушылар болмады. Көңілімізде бала санының аздығына байланысты мектебіміз негізгі орта мектеп болып қысқарып қала ма деген қауіпіміз де жоқ емес, - дейді мектеп директоры Еркінбек Жұмағұлов.

Мектеп директорының айтуынша, мектептің басқа да проблемалары жетерлік екен.

- Бізде біріктірілген сыныптар бар. 5-6 сыныптар бірігіп оқиды. Бір сыныпта екі бала, кейде үш бала ғана. Соған әлі тәжірибе жасалған жоқ. 40 минут уақытты екі сыныпқа жеткізу мұғалімге қиын, - дейді ол.

Сонымен қатар, ауыл мектептерінің ортақ мәселеcі – мұғалім жетіспеушілігі. Әсіресе, ауылдағы шағын жинақталған мектептер физика, орыс тілі мұғалімдеріне мұқтаж. Мысалы Ақсуат ауылындағы мектепте физика маманы жоқ. Қазір бұл пәннен қайта даярлаудан өткен математика пәнінің мұғалімі сабақ беруде. Осыған орай Еркінбек Жұмағұловтың айтар ұсынысы да жоқ емес.

- Мен жыл сайын Семейге де, Өскеменге де мамандар жәрмеңкесіне барамын. Колледждерге де талай бардым. Меніңше жетіспейтін мамандарды жоғары оқу орындары аз даярлайтын секілді. Не көп? Қазақ тілі мен әдебиеті мамандары, бастауыш сынып мұғалімдері көп. Тарихшылар да жетерлік. Ал физика, математика, орыс тілі мұғалімдері бізде ғана емес, бірқатар мектептерде жетіспейді. Осы мамандардың жетіспеушілігіне байланысты ауданның атынан облысқа барып та баяндама жасағанмын. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша бітірген түлектермен де сөйлестім. Бірақ жас мамандар шалғайдағы ауылдарға барғысы келмейді. Негізінен мамандар қай жерге келеді? Аудан орталығына, қалаларға барғысы келеді, - деген Еркінбек Жұмағұлов жоғары оқу орындары ауылдағы шағын жинақты мектептерге арнап қос мамандықты мамандар даярласа деген ұсынысын жеткізді. Айтуынша, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университет осындай мамандарды даярлауды қолға алыпты. Келесі жылы қос мамандықты меңгерген жастардың алғашқы толқыны университет бітіретін көрінеді.

Тағы бір жағынан, ауылды жердегі мектептерде физика мамандығы бойынша сағаттар жетіспейді.

- Мысалы, біздің мектепте 7-8-9 сыныптарда ғана физика пәні жүреді. Сағаты аз. Ал оған бола физик маман ауылды жердегі мектепке келмейді. Жалпы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келем дейтін мамандардың барлық жағдайын жасайтын едік. Оған ауылға келемін деп құлшынып тұрған жастар көрінбейді, - дейді мектеп директоры.

Бүгінде Ақсуат ауылындағы мектепте 18 мұғалім қызмет етуде. Мектеп директоры ұстаздардың 95 пайызы жаңартылған білім мазмұны бойынша қайта даярлаудан өткенін айтады. Мектеп ғимараты жаңа, 2014 жылы ғана пайдалануға берілген.

- Жалпы, мектептерде оқушылардың азаюы тек біздің мектептің проблемасы ғана емес, аудандағы біршама мектептерге де қатысты - дейді Еркінбек Жұмағұлов.

                                                                                                                                                           Ақпарат көзі: "Дидар" газеті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін