Жарияланды: 210

Мемлекет басшысы Алматының жаңғыртылған келбетін тамашалады

Мемлекет басшысы Алматының жаңғыртылған келбетін тамашалады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылған Жібек Жолы, Панфилов, «Астана» алаңдарын тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі Мемлекет басшысына ақылы тұрақ бағдарламасын енгізгелі бері бюджет түсімі 5 есе артқанын баяндады. Оның айтуынша, ақылы тұрақ жүйесінен бюджетке 190 млн теңге түскен.

Ал, «Оңай» төлем жүйесінің сараланған тарифі енгізілгелі бері көлеңкелі айналымнан соңғы айда 700 млн теңге жарыққа шыққан.

Айта кету керек, биыл Алматыдағы тарихи орталықтың 1/3 бөлігі қайта жасалды. Нақтырақ айтсақ, Жібек жолы көшесінің Абылай хан мен Қонаев арасындағы бөлігі толығымен қайта жасалды.

Бұл аймақта табиғи гранит кеспетастары төселіп, жаңа құрғақ субұрқақтар, авторлық пішіндер, орындықтар мен балалар алаңдары, ғимарат қасбеттері жасалды.

Панфилов көшесінің Жібек Жолы мен Қабанбай арасындағы бөлігі жаяу жүргіншілерге арналып қайта жасалды.

Мұнда да құрғақ субұрқақтар, авторлық кіші пішіндер, заманауи, түнгі жарықтандыру жүйесі, орындықтар, кіші архитектуралық пішіндер, балалар және спорт алаңдары жасалды.

Сонымен қатар, Астана алаңын қайта жасау кезінде табылған 1 ғасырға жуық тарихы бар кеспетастар Панфилов дәлізіне төселді.

Астана алаңында көлік жолы қысқартылып, оның орнына тротуар, веложол салынды. Гранит кеспетастары төселді. Лаванда клумбалары отырғызылды. Екі құрғақ субұрқақ орнатылып, түнгі жарықтандыру жүйесі жасалды.

Сонымен қатар, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Наурызбай ауданындағы 500 адамға арналған емхана мен «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған «Завод Электрокабель» ЖШС ғимаратында болды.

Емхана ғимараты қаланың коммуналды меншігіне берілген. Мұнда электронды тіркеу, Call-орталық, жедел жәрдем бригадалары орналасқан.

Жақын арада Қалқаман шағын ауданында 200 адамға арналған медициналық мекеме пайдалануға беріледі. Ал Тау самалы шағын ауданында 500 адамға арналған емхананың құрылысы басталды.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін