Мемлекет басшысы министрліктер мен жергілікті әкімдіктерді, Үкіметті, Қауіпсіздік кеңесін қатал сынға алуы үйреншікті жәйт. Бірақ президент әкімшілігі одан үнемі тыс қалатын. Ал бүгін Нұрсұлтан Назарбаев көпке созылған үзілістен соң өз аппаратын бір «сілкіп» алды.
Әкімшілік жетекшісі Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларын шұғыл жинаған Елбасы алдымен қарамағындағыларды цензураға жол бергені үшін сөкті. Себебі ішкі идеология мен Үкіметтің жалпы жұмысына жауапты аппарат жақында министрлер кабинетін түгел жинап жиын өткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың кейбір қатқыл сөздерін халыққа жеткізбеген.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Соны көрсетіңдер деп елге. Қарап отырсам олай көрсетілмейді. Жартылай көрсетіледі. Айтылмайды. Менің айтқан сөзімді көрсетіп сол жиналыста содан барып не істелді соны айту керек. Ол жасалынбайды. Сол кейбір айтылған сындарды ақпарат құралдарынан алып тастауға тырысты. Оған сендер көмек жасадыңдар осы отырған.
Осылай деп ашынған Елбасы жастарды арбап қатарына кіргізіп жатқан діни ағымдармен күрес сылбыр жүргізіліп жатқанын да айтты. Сондай-ақ өз аппаратындағы облыстардағы ахуалды жіті қадағалап отыруы тиіс инспекторлардың жұмысына шүйлікті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Облыстарда жалпы инспекторлар бекер жүрген жоқ. Олардың папкасында барлық облыстың жағдайы жату керек. Ауданның әкімі кім қалада ауылда кім оның қандай жұмыстары жетістіктері бар, кемшіліктері бар, перспективасы бар ма, жоқ па, қай сағатта сұрасаң шығарып алу беру керек. Инспектордың жұмысы солай. Ондай болмаса неменеге ұстаймыз. Облысқа барып шай ішіп қайтып келуге ма?
Қазан айындағы Ақордада өткен жиында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің біраз кемшілігін жіпке тізіп берген еді. Белгілі болғандай, президент әкімшілігі Елбасының тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын бақылауға алмапты. Тек «Тұрғынүй құрылыс жинақ» банкінің былығын көрсетіп істі жылы жауып қоя салған. Тіпті бүгін мемлекет басшысы көмекшілеріне сауатты баяндама жасай алмайсыңдар деп күйінді.
Елбасыдан сөз естіп ұятқа қалған президент әкімшілігі дереу іске кірісті. Тіпті мемлекеттік арналар да күтпеген жерден «Үкімет қайда қарап отыр?» деген тақырыппен жаппай сыни материалдар жариялай бастады. Ал ертең министрлер кабинеті кезекті отырысын мемлекет басшысы берген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанына арнамақшы.