Мемлекеттік академиялық би театрына Болат Аюхановтың есімі берілді  - kaz.caravan.kz
  • $ 470.28
  • 537.53
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекеттік академиялық би театрына Болат Аюхановтың есімі берілді 

Мемлекеттік академиялық би театрына Болат Аюхановтың есімі берілді 

Театр ұжымы бүгінге дейін Болат Аюханов қалыптастырған шығармашылық мектептің дәстүрін жалғастырып келеді.

  • 21 Шiлде
  • 6
Фото: qazaqballet.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрына оның негізін қалаушы, көрнекті хореограф Болат Аюхановтың есімі берілді. Тиісті шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Болат Аюханов – Қазақстандағы камералық балет өнерінің негізін қалаған көрнекті тұлға. Ол 1967 жылы «Алматының жас балеті» ұжымын құрып, кейін бұл театр елімізде ғана емес, шетелде де кеңінен танылды. Өнер ұжымы Кеңес Одағы республикаларында, сондай-ақ Еуропа мен Скандинавия елдерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетті.

Театр ұжымы бүгінге дейін Болат Аюханов қалыптастырған шығармашылық мектептің дәстүрін жалғастырып келеді. Оның сахналық қойылымдары ұлттық хореография өнерінің алтын қорына енсе, шәкірттері еліміздің балет өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Театрдың 60-маусымының ашылуы қарсаңында ұжымға Болат Аюхановтың есімін беру – хореографтың қазақ балет өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегіне көрсетілген зор құрмет.

Айта кетейік, 2027 жылы театрдың құрылғанына 60 жыл толады. Мерейтой қарсаңында өнер ұжымы классикалық, ұлттық, неоклассикалық және заманауи хореография бағыттарын дамытып, ұлттық балет мектебінің үздік дәстүрлерін жалғастырып келеді.