Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер тұрғындарға ыңғайсыздық тудыруда - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер тұрғындарға ыңғайсыздық тудыруда

Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер тұрғындарға ыңғайсыздық тудыруда

Көкшетаудағы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үйлердің өзгелерге кесірі тиіп жатыр. Бүкіл ықшамауданның тұрғындары әуелде тар жерге тұрғын үй салуға қарсы болған. Соған қарамастан, ауладағы футбол алаңын сүріп тастап, орнына тегіс жерді биік етіп көтергені сонша жаңа үйлердің маңынан адам жүре алмай қалған. Қоршауларын құлатып, балалардың ойын алаңын техникамен таптап тастаған мердігер компания үйді тапсырып, із суытыпты. Енді жұрт нысанды қабылдап алған шенеуніктермен алысып жүр.

  • 13 Маусым 2014
  • 269
Фото - Caravan.kz

Үй мемлекеттік бағдарламамен салынып жатыр дегенді алға тартқан атқамінерлер осы маңдағы жұрттың айғайын сол жолы да құлақтарына ілмеген. 5 қабатты екі тұрғын үй салынып бітісімен жұрттан маза кетті. Тегіс жерді биіктетіп көтергені сонша, тұрғындар жаңбырлы күні батпақ кешетін болған. Ал дәл ортадағы мына қоқыс жәшігі баршаның бас ауруына айналды.

Тиыштық Ғазизова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

— Міне, мынаған… еңбектеп шығу керек мынаған. Не нәрсеге жатады осы. Қандай заманда тұрмыз, қандай заманда?! Мыналар бізді үстімізден қарап тұрады. Күліп отыр. Мына кемпірлер 4 аяқтап шығып жатыр деп. Өлгенміз керек пе? Басқа не нәрсе?  

Құрылыс кезінде аула қоршаулары да қираған. Басшылар жаңа үй жоба бойынша салынған деп түсіндірген болды. Ықшамаудандағы 6 бірдей көпқабатты үйге кіріп шығудың қиындағаны сонша, жұрт шенеуніктерге бір амалын табыңдар деп талап қойды.

Коммуналдық қызмет мекемесінің басшылары мен қаланың бас тазалық дәрігері халыққа мән-жайды барынша түсіндіріп бақты. Жаңа үйлерге тапсырыс беріп, нысанды қабылдап алған құрылыс бөлімінің басшысы жұртты көріп қашуға қамданғанымен, тілшілерді көріп амалсыз тоқтады.


Шамрат Сәдуақасов, Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

-Бәрін бірдей қамти алмаймыз ғой. Қалада ақша жоқ. Өткен жылы аулаларға арналған бағдарлама болған. Сол жылы қосамыз деп едік, бұл аула кірмей қалды. Енді келер жылы ойластырамыз.

Жаңа үйді комиссия қабылдап алғандықтан, бұл шаруаға енді әкімдік жауапты болуы тиіс. Сондықтан қала қазынасына ақша түскенше тұрғындардың шыдай тұруына тура келеді.