Жарияланды: 860

Мұғалімдер даярлау мен оларды жұмысқа қабылдау талаптары қатайтылады - БҒМ

Мұғалімдер даярлау мен оларды жұмысқа қабылдау талаптары қатайтылады - БҒМ

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша

өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға бағытталған, сонымен бірге 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды көздейді. 

«Негізгі жаңалықтардың бірі білім беру жүйесіне студенттердің міндетті өндірістік тәжірибеден өтуі, дуальды оқыту, жастардың бірінші жұмысшы мамандығын тегін алуы секілді мәселелер заңнамалық тұрғыда қамтылады. Бұл ретте дуальды оқытуды өндірістік оқытудың кемінде алпыс пайызда болуын, кәсіпорынның базасында тәжірибеден өтуі қарастырылады. Бұдан бөлек, заң жалпы жүйелік шараларды, соның ішінде мұғалімнің, педагогтың беделін көтеруге бағытталған бірқатар нормалар енгізілді», - деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. 
Оның айтуынша, мұғалімдерді даярлау мен жұмысқа қабылдауға қатысты талаптар күшейтіледі. 
«Мәселен, педагогика мамандығына тапсыратын талапкерлер үшін 2016 жылдан бастап қосымша емтихан енгізіледі. Жұмысқа қабылданатын үміткерлерден бұрын сотталғандығы мен психологиялық ауруларының бар-жоғы да тексеріледі, педагогикалық этика қағидасы мен оны орындаудың міндеттілігі енгізіледі. Сонымен бірге ата-аналар мен басқа да заңды өкілдерге педагогтардың қадір-қасиеті мен ар-намысын құрметтеу міндеттеледі», - деді министр. 
Бұдан бөлек, заң жобасымен 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған адамдарға оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мамандығы бойынша міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізіледі. Әскери және арнаулы оқу орындарын қоспағанда, халықаралық аккредиттеуден өткен жағдайда ғана 2017 жылғы 1 қаңтардан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, ал 2020 жылғы 1 қаңтардан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың мемлекеттік үлгідегі құжаттар беруіне рұқсат беру жолымен біртіндеп аттестаттаудан аккредиттеуге өту ұсынылады. 
Білім беру деңгейлері бойынша оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің және оқу құралдарының сараптамасын жүргізу ұйымдары жөніндегі қызметке мемлекеттік монополия енгізіледі. 
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін