Мұхамеджан Тазабек пен Айгүл Орынбек соттаса ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 487.42
  • 531.39
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мұхамеджан Тазабек пен Айгүл Орынбек соттаса ма?

Мұхамеджан Тазабек пен Айгүл Орынбек соттаса ма?

Бүгінде әлеуметтік желі қып-қызыл даудың ортасына айналған. Мұнда сөзге келіп қалғандар ақыр аяғында сотқа дейін барып жатады. 

  • 21 Шiлде 2017
  • 13044
Фото - Caravan.kz

Соттаспағанның өзінде сондай ойын жұртқа жариялап қояды. "Асыл арна" директоры Мұхамеджан Тазабек те Фейсбуктегі парақшасында заңгерлермен ақылдасып жатқанын жазды. Бұған белгілі заңгер Айгүл Орынбектің осы желіде оны діннің жат ағымына телігені себеп.

"Кеше серке.орг сайты менің әлеуметтік желіде бөліскен (репост жасаған) жазбам туралы мақала жариялаған екен.

Мақаланың қысқаша мазмұны – үндістандық бір ғалымның қайтыс болғаны мен оның жаназасына миллионға жуық адам жиналғанын хабарлаған "әсіре радикал ой айтып жүретін адамның" жазбасынан "қатты әсерленіп", оның «қауіпті адам екенін біліп тұрып бөліскенім» және «он мыңдаған адамды жат ағыммен улап жібергенім» туралы.

Бұған қоса, бүркеншік есім жамылған автор мені "уахабилік уағызды халыққа тықпалап жүр және мұны мойындамайды" деп айыптап, Ақтөбе мен басқа аймақтарда болған террорлық акті жасаушылармен байланыстырған жəне енді "құтылып кетуі неғайбыл" деп жазады.

Сонымен қатар, осы мақаланы бөліскен Айгүл Орынбек қарындасымыз өз постында мені "дін саласында қаншама жыл стажы бар адамның ақпаратты бөліскенде шатасуы мүмкін емес" дей келе, "нағыз террористің жазбасын бөлісуші" заң алдында жауап берсін деп үміттенген екен.

Ең алдымен, жоғарыда аталған айыптауларды жоққа шығарамын. Фейсбукта миллиардқа жуық қолданушы бар десек, әлеуметтік желі қолданушыларын жете танып, олардың бағыттарын біліп жүру мүмкін емес. Әдетте, әлеуметтік желіде ақпарат бөліскен уақытта авторы емес, жазба контентіне көңіл бөлеміз. Ал аталған жазба жаназа туралы және онда заңға қайшы келетін, «құтылып кетуім неғайбыл» дүние болмағанын айтқым келеді.

Пост авторымен таныс емеспін және оның басқа жазбаларымен танысып, ұстанымын білген бетте, жылдам парақшамнан алып тастадым. Тиісінше, оның "қауіпті адам екенін" біліп тұрып жариялауым және аз уақыттың ішінде "он мыңдаған адамды жат ағыммен улап жіберуім" əсте мүмкін емес.


Сондықтан заң алдында жауап берсін деген «үміттердің» де орынсыз екенсіз айтқым келеді.

Керісінше, мақала мен оны бөлісушілердің менің атымды Ақтөбе мен басқа аймақтарда болған террорлық актілермен байланыстыруы және уахабилік уағызды тықпалап жүр деуі — көрінеу жəне беделімді түсіретін ақпарат деп білемін.

Аталған жағдайға байланысты ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес өз абыройымды қорғау мақсатында құқық қорғау органдарына шағым түсіру құқығым барын жəне заңгерлермен кеңесу жасап жатқанымды хабарлаймын" деп жазыпты Мұхамеджан Тазабек.

Айгүл Орынбек те бұл жазбаға жауап қатқан. Ол тіпті жалған парақша ашқан адамдардың өзіне қорқытып жаз жазып жатқанын айтыпты.

"Маған қандайда қастандық жасалынатын болса, Мұхамеджан Тазабектен, оның артынан еруші шəкірттері ма , тыңдаушылары ма солардан күдіктенемін!
Себебі, кеше мен Мұхамеджан Тазабек экстремизм бағытын таратушы адамның постын бөліскені үшін заңды түрде жазасын алсын деген болатынмын! Ал ол кісі өзінің қателесіп бөліскен посты үшін мені сотқа берем деп пост жазыпты. Соның септігі болар Мұхамеджан ағамның уағызын тыңдап жүрген шабармандар маған шауып, қоқан лоқы жасап жатқаны. 
Бүкіл келген хаттарды скриншоттап ҰҚК -ға арыз дайындап жатырмын!" дейді Айгүл.