Мүмкіндігі шектеулі қос Диманың тіршілігі жұртқа үлгі боларлықтай - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мүмкіндігі шектеулі қос Диманың тіршілігі  жұртқа үлгі боларлықтай

Мүмкіндігі шектеулі қос Диманың тіршілігі жұртқа үлгі боларлықтай

Бұл материалмен жұмыс хат алысудан басталды. Себебі бұл есту және сөйлеу қабілетінен айырылған екі жас жігіт туралы оқиға болуы тиіс еді. Мен олармен WhatsApp арқылы сөйлесіп жүрдім, ал байланыс нөмірлерін тауып, сұхбаттасу туралы келісуге осы жігіттер жүргізуші болып жұмыс істейтін «ТиФа» таксопаркі көмектесті.

  • 5 Желтоқсан 2017
  • 308
Фото - Caravan.kz

Бұл тақырып маған өте мұңлы болып көрінді, шынымды айтсам, жеке көріскенде де мен осы ойымның айғағын көруге дайын жүрдім. Бұған біздің қоғамда қалыптасқан стереотиптер себеп болды. Бірақ кездесуге екі мығым денелі, өз-өздеріне сенімді жігіттер — екі Дима — Дудко Дмитрий мен Колосов Дмитрий келді. Екеуінің де астында мықты ақ көліктері бар…

Бұл жігіттер бала кездерінен дос екен. Жиырма бес жастағы Дудко Дмитрийдің Колосов Димадан он жас үлкендігі бар. Сондықтан ол Диманың ағасындай болып кеткен.

Кездесуге келіскен жерге екі Дима сары түсті мүгедектік белгісі бар машиналармен келді. «Жол жүру ережелерін жиі бұзасыңдар ма?» деген сұраққа, олар бастарын шайқап, «Жоқ» деп жауап берді. Тұраққа да қатысты қиыншылықтар туындамайтынын айтты.

Екеуінің де машинасы жеке меншік, 2017 жылғы шілде және қараша айларында кредитке алынған екен. Кредит бойынша айына 177 мың теңгеден төлейді. Бұл біршама сома, бірақ ай сайынғы еңбекақыларынан осы шамалас сома күнделікті өмір сүрулеріне қалады екен.

Достар бірігіп пәтер жалдап тұрады. Кіші Дмитрий – студент, Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде оқиды. Үлкен Дмитрий отбасын құрған. Әйелі Оксана да саңырау әрі мылқау адам. Олар былтыр үйленген екен. Оксана үй шаруасымен айналысады.

Жігіттер Петропавлда туып, өскен. «Менің ата-анам естімейді: анам – Колосова Ирина, әкем – Колосов Виталий», – дейді Дима.

Одан әрі әңгімені үлкен Дима жалғастырып: «Біз туғанымыздан керең-мылқаумыз. Менің анам қайтыс болған, әкемнің қайда жүргенін білмеймін», — деді.

Дима Дудконың әкесі Омбы қаласында тұрады. Бірақ олар 2010 жылдан бері араласпайды екен. Ал Дима Колосов Солтүстік Қазақстандағы туған-туысқандарымен қатынасып тұрады.

Дмитрий Дудко Петропавлдан 6 жыл бұрын кетіп қалыпты, ал Колосов Дмитрийдің Алматыға көшіп келіп, жұмыс істей бастағанына 4 айдың шамасы болыпты. Достарынан таксиде тұрақты жұмыс істеу мүмкіндігі туралы естіген соң жігіттер бірден адам тасып жұмыс істеуге бел буады. Олардың тату компаниясында он саңырау әрі мылқау және әлсіз еститін жүргізуші жұмыс істейді екен. Бірақ олардың көпшілігі тілшілермен сұхбаттасудан бас тартты.

– Бұған дейін мен Uber сервисімен жұмыс істедім, кейін интернеттен Яндекс.Такси туралы біліп, серіктес таксопаркке жұмысқа орналасуға келдім, сөйтіп жұмыс істеп жүрмін. Досыма жазып, жұмыс кестесі икемді, еңбекақысы адал жұмыс табуға болатыны туралы айттым. Ол тамыз айында келіп, осында жұмыс істей бастады. Бұған дейін ол тұрақты бір жерде жұмыс істемеген болатын. Дима екеуіміз Петропавлдағы автомектепте көлік айдап үйренгенбіз. Мен машиналарды қатты жақсы көремін, машина айдау маған өте ұнайды – бұл менің хоббиім (Дима Дудко чатта қызыл машинаның эмодзиін жіберді). Бізге ешкім шағымданып, қызметімізден бас тартқан емес, клиенттер бізді такси жүргізушісі ретінде қабылдайды.

Достар айына 300 мың теңгеге жуық табыс табады, бірақ демалыссыз жұмыс істейді деуге болады. Таңғы сағат 6-да тұрады. Тойларда да қызмет көрсету үшін ақ түсті машина алған. Жеке жүргізуші болуға да дайын, бірақ оларға таксидің онлайн-сервисінен тапсырыстар қабылдаған ұнайды екен, бұл жігіттердің жаңа технологияларға деген сүйіспеншілігімен және бос уақытын жоспарлау мүмкіндігімен байланысты болуы мүмкін.

Жігіттер салауатты өмір салтын ұстанып, ұдайы түрде фитнеспен айналысып отырады. Кездесу барысында Дудко шылым шеге бастады. Колосовтан шылым шегуге қалай қарайтынын сұрап едім, ол басын шайқап, Диманы нұсқап, сұқ саусағымен самайынан бұрап, оның өз денсаулығы үшін қам жемейтінін меңзеді (жігіттер күліп алды). Машинаның салонында Дима Дудко ыммен мұның жай ғана тентектік екенін түсіндіріп, жалпы ешқашан шылым шекпейтінін айтты.


Жігіттер өз жоспарларымен де бөлісті – олар пәтер сатып алуға ақша жинағысы келеді. Бұдан бұрын олар эконом-класта жұмыс істеген, қазіргі уақытта «Комфортта» қызмет етеді. Енді «Бизнес» класына өтуді жоспарлап жүр. Бірақ бұл тарифте тапсырыстар аздау, ал жігіттер әдеттегідей көп тапсырыс алғанды ұнатады екен. Жігіттер өздерінің жаңа көліктерімен «Эконом» тарифінің де тапсырыстарын қабылдай береді. Бұл істеріне талай жолаушылар таң қалған.

Клиенттермен жұмыс істеу қиын емес дейді. Тіпті, керісінше – кейде жолаушылар жігіттердің ерекшеліктерін біліп, қызығушылық танытып, сұрақтар да қойып жататын көрінеді.

Бос уақыттарында жігіттер жаттығу залына бару, пинг-понг ойнаудан басқа достарымен кафелерге барып, уақыттарын көңілді өткізеді екен. Сұхбаттасу барысында оның досы қоңырау шалып, олар бейне қоңырау шалу арқылы ыммен еркін әңгімелесіп жатты. Айта кететін бір жайт, барлық жігіттер өте сүйкімді және ақжарқын екен.

Әңгіме барысында Колосов Дима өзі ешқашан болмаған жерлерді, елдерді көруді армандайтынын айтты. «Әдемі жерлерді көргім келеді… Мен қызықты істермен шұғылданғанды жақсы көремін. Жай үйде жата бергім келмейді», – дейді жүргізуші.

Мен олардың армандары орындалса екен деп тілеймін. Олар бұған лайықты жандар.

Қайрат Иманалиев атындағы Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары бойынша комиссияның төрағасы Вениамин Алаев «Қазақстанда мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі аса көкейкесті. Себебі мүмкіндігі шектеулі адамдардың барлығында бірдей жұмыс істеу мүмкіндігі бола бермейді», — деп санайды.

Ол, өкінішке қарай, жұмыс істей алмайтын, яғни еңбекке жарамсыз адамдар болатынын, ал жұмыс істегісі келетін азаматтар көп жағдайда ақысы жақсы, тұрақты жұмыс орнын табудан қиналатынын түсіндіріп өтті.

«Мұның да өз себептері бар, — дейді Алаев, — Бірінші себеп – бұл мүгедектігі бар адамдарда қажетті білімнің болмауы. Екінші себеп – бұл, бір жағынан, мүмкіндігі шектеулі адамдарды штатқа жұмысқа қабылдауға дайын болғанымен, екінші жағынан, оларды қай лауазымға немесе кәсіпке тағайындауын білмейтін жұмыс берушілердің қауіп-қатерлері. Көптеген адамдар саңырау жүргізушімен жүруден қорқады, бұл оларға ұнамайды. Бұл мүгедекті алғаш рет көргенде адамның өз-өзін қалай ұстау керектігін білмегендіктен болады. Ал егер біз мұндай адамдарды балабақшаларда және мектептерде оқу барысында көрген, білген болсақ, қоғам оларға үйренісіп, оларға қалыпты көзқараспен қараушы еді, мұндай адамдарға ерекше адамдар секілді қарамаушы еді».

Вениамин Алаевтың айтуынша, саңырау және әлсіз еститін адамдарға арналған таксидің онлайн-сервистерінде жұмыс істеу – бұл тұрақты табыс табу жолдарының бірі және де мұнда жұмысты қалаған уақытыңда, қажеттілігіңе қарай, яғни уақытың болғанда істеуге болады.

«Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қоса отырып, бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін және жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, өз еркімен кәсіп таңдау мәселесіне қатысты Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтары туралы конвенцияны қолдауда еркін еріктерін білдіреді, — дейді ол, — Сонымен қатар, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша арнайы бағдарламалар бар. Оның ішінде Алматыдағы Жұмыспен қамту орталығы табысты жұмыс атқарып келеді. Мұнда жұмыссыз қала тұрғындары, оның ішінде мүгедек адамдар тіркеліп, арнайы оқу оқып, ұсынылған жұмыстарға орналаса алады».

Алаевтың айтуынша, заманауи технологиялар мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпаратқа қол жеткізу тарабынан көп көмегін тигізеді, «себебі саңырау және әлсіз еститін такси жүргізушілері — мұндай адамдардың қосымшаларды пайдаланатынын және де жұмыс беруші таксопаркпен, сондай-ақ, жолаушылармен тиімді өзара қатынаса алатынын көрсететін тамаша мысал».

Мақала авторы: Ботагөз Сейдахметова

Соңғы жаңалықтар