Жарияланды: 60

"Мұндайды қаламаймын": Тоқаев өз ұстанымын айтты

"Мұндайды қаламаймын": Тоқаев өз ұстанымын айтты

Президент саяси жүйені толық жаңғыртатынын мәлімдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрік бизнесмендеріне Жаңа Қазақстандағы саяси-экономикалық өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлады Сaravan.kz медиа порталы Ақорда-ға сілтеме жасап. 

Тоқаев саяси жүйені толық жаңғыртатынын мәлімдеді. Негізгі мақсат - "суперпрезиденттік" басқарудан мықты парламенті бар президенттік республика жүйесіне біртіндеп өту.

"5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткізіледі. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма, мейлінше, еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын".  Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР президенті

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға еліміздің шынайы досы, Түркияның Вице-президенті Фуат Октай мырзаның арнайы келіп отырғанын айтып, оған өз ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін Түркияның бауырлас ел әрі маңызды стратегиялық серіктес, сондай-ақ ең ірі сыртқы экономикалық әріптесіміздің бірі екенін атап өтті.

Соңғы 16 жылда түрік бауырларымыз Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Пандемия кезінде әлем бойынша шет ел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Соған қарамастан, Түркиядан біздің елге келетін инвестиция азайған жоқ. Мұны әрине, қуантарлық жайт деп айтуға болады. Бұл – түрік ағайындардың біздің елімізге деген жоғары сенімінің көрінісі. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, елімізде бауырлас халықтың беделді бизнес өкілдерінің жемісті жұмыс істеп жатқанын қалыпты жағдай деуге болады. Өйткені Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Ол қазақ-түрік іскерлік орталары арасындағы татуластық пен ынтымақтастықты айрықша атап өтті.

Мен Президент ретінде бұл ахуалды ұдайы жетілдіріп, жақсарта беруге айрықша мән беріп отырмын және бар күш-жігерімді саламын. Осы жұмыс Қазақстан үшін өте қажет. Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Бұған еш күмән жоқ. Ең бастысы, халықтарымыздың дүниетанымы, болмысы бір, мемлекеттер арасындағы өзара сенім деңгейі жоғары. Мұндай сенім бизнес өкілдерінің арасында берік орныққан. Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда. Осылайша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, – деді Қасым- Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркиямен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да баса мән беретінін айтты. Сонымен қатар жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі де айтарлықтай арта түскен.

– Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны туризм бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірі деп есептейді. Бұл ретте, ол түрік компанияларының қазірдің өзінде Қазақстанның туризм индустриясын дамытуға қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті. Түркістандағы Керуен-сарай, «Rixos Aktau» халықаралық конақ үйі, «Tetys Blu» паркі және басқа да нысандар көпшіліктің көңілінен шығып отырғанын жеткізді.

– Туристік жобалар бойынша мемлекеттің қолдау шараларын алуға қойылатын қаржылық талап 10 есеге азайды. Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі жағалауының орасан зор туристік әлеуеті бар. Қонақ үйлер мен емдеу-сауықтыру кешендерін, демалыс орындарын салуға Каспийдегі «Інжу-маржан» шығанағының бойы өте қолайлы. Біз күш-жігерімізді біріктірсек, осы жерде Орталық Азияға туристер тартатын жаңа орталық құра аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін