Мүшелдік жыл санауы тышқан жылынан басталады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мүшелдік жыл санауы тышқан жылынан басталады

Мүшелдік жыл санауы тышқан жылынан басталады

Асылында, жыл санау - халық даналығының бір тарауы. Осы жыл санау арқылы он екі жылдан қайырып отырады да, оны «жыл қайыру» деп атайды. Бұл тəсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы əрі тағылымы бар тапқырлық есептік жүйе.

  • 24 Желтоқсан 2019
  • 425
Фото - Caravan.kz

Қазақша жыл қайыру

Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Жыл есебін бұлай жүргізу өте ежелгі кезден басталған және ешқандай діни қағидамен байланысты емес. Ғалымдардың пайымдауынша, олай жыл қайыру табиғат құбылыстарының қайталама заңдылығына негізделген. Қазақша мүшелдік жыл санау тышқан жылынан бастау алады. Одан ары қарай кезекпен сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз келіп отырады.

Жыл аттары не себепті жануарлардың атымен аталатыны және жыл басы неге тышқаннан басталатыны туралы халық арасында аңыз-ертегі бар. Аңыз бойынша осы он екі жануар жыл атына ие болуға таласқан. Сонда тышқан тұрып: "Дауласатын дәнеңе жоқ, таңертең бәріміз шығып келе жатқан күнді аңдимыз. Сонда күннің көтеріліп келе жатқанын кім бірінші көрсе, сол — бірінші жылдың, одан кейін  көргеніміз екінші жылдың атын аламыз. Осылай өз кезегімізбен барлық жылды бөліп аламыз", — деп ұсыныс жасаған.

Бұған келіскен жануарлар демалып жатқанда тышқан түйенің басына шығып алады. Осылайша ол күнді бәрінен бұрын көріп, жыл басы атанған. Ал түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты деседі.

12 жылдық қайталама негізінде мүшелмен жыл есебін жүргізуді қазақ халқы "жыл қайыру" деп атайды. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тəжірибесі бай, ұғымды халық əр жылға тиісті баға беріп һəм соған сай күтініп те отырған.

Тышқан жылы қандай болады

Қазақтар тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Шынында да тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмады.

Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туса, Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болған, алғаш Қазақ ордасы 1456 тышқан жылы құрылған.

Жыл санау туралы деректер VIII ғасырдағы “Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі. Ал осыдан 5 ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының  "Шипагерлік баян" кітабында мүшел жыл белгілерінің ерекшеліктеріне қарай адам мінезі сипатталған.


"Сумақы (тышқан). Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы харакеті көп, суыққолдылығымен қарақшылық жегіштігі мол, дәулет жиғыштығы күшті. Әлдіден қорыққыш, әлсізді басынғыш, һалал, һарам шикілі-пысылы талғаусыз жегені ас болатын, өсексіз болса да ұластырмалы айласымен елді шулатқыш, қырқыстырғыш. Ар-ұяты аз, шімірікпес, лыпылдаған сайқал, күлді-көмеш қулықтар мінездемелік әйгіленшілер көбірек болмақ" , — деп жазды Тілеуқабылұлы.

Астролог мамандардың мінездемесіне сәйкес, тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие. Ал жаман қасиеттері — қызғаншақ, сатқын, кейде шыдамсыз, қырсықтау.

"Әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныстары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмағанымен, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Үсті-басын таза ұстап, сақ жүреді. Думан-той, ырду-дырдудан бойын аулақ салуға тырысады. Мінезі – тәкаппар, сәл нәрсеге өкпелегіш. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін", — дейді мамандар.

Соңғы жаңалықтар