Жарияланды: 12600

Мьянмадағы мұсылмандарға қарсы геноцидтің қазаққа қандай қаупі бар?

Мьянмадағы мұсылмандарға қарсы геноцидтің қазаққа қандай қаупі бар?

Мьянмада қанды оқиғалар болғалы бері әлеуметтік желілерде мұсылмандардың қырылып жатқаны туралы хабарлар тарап, оларға қолдау көрсету жөнінде түрлі талаптар қойылып жатыр.

Бирма тәуелсіздік алған жылдары Ракхайн штатындағы мұсылман халықтардың арасында сепаратистік пиғыл байқала бастаға. Ел билігіне келген әскери режим бұл штатта тұратын мұсылман халықты ел азаматы деп мойындамады.

Бүгінгі таңда Араканда бір миллионға жуық рохинджа тұрады. Олар өздерін Ракхайн штатының байырғы халқы санағанымен, тарихшылардың бұған қатысты пікірі екіге жарылады. Олардың дені рохинджа халқы Мьянмаға Британия отаршылдығы кезінде қоныс аударды деп пайымдайды. Мьянма үкіметі мұсылман рохинджаларды Бангладештен келген заңсыз иммигранттар деп атап, күні бүгінге дейін оларға азаматтық беруден бас тартып отыр.

Өзге елдегі дау-дамайға біздің еліміздің тікелей қатысы бар ма? Бар болса, ол қандай факторларға негізделеді? Бұл қақтығыстың діни астары қаншалықты? Caravan.kz осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында cаясаттанушы Дамира Сиқымбаевадан сұхбат алды.

- Дамира, Мьянмадағы жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде отандастарымыздың арасында қызу пікірталас тууын немен түсіндіруге болады?

- Мен шыны керек, бұл жаңалыққа алғашында күдікпен қарадым. Қазіргі таңда ақпаратты түрлі агенттіктер мен сарапшылар тұрғысынан қарап, белгілі бір ой елегінен өткізіп қабылдау қажет. Ондай болмаған жағдайда жалған ақпарат лезде халық арасында теріс пікірталастар туындатып, жағымсыз іс-әрекеттерге алып келуі мүмкін. Бүгінгі таңда белгілі бір резонанс тудыру мақсатымен жалған ақпарат таратуда ақпараттық технологиялар жиі қолданылатынын естен шығармауымыз қажет.

Мьянмадағы жағдайда асыра сілтеп, мұсылман жамағатын дүрліктіру белгілі бір топтардың мүддесі болған сияқты.

Әрине қазіргі таңда қазақстандықтардың басым көпшілігі жаңалықтарды бірінші кезекте ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы біліп отырады. Оған екі себеп бар: біріншісі интернеттегі ақпараттың жылдам жіберілетіні, ал екіншісі, мемлекеттік БАҚ-қа деген сенімнің төменділігі. Осы орайда, ғаламтордың өзінде еліміздегі белгілі сарапшылардың талдауларына және басқа да дерек көздеріне жүгінуіміз керек.

Мәскеудегі Мьянмадағы геноцидке қарсы шеру
Мьянмадағы геноцидке қарсы Мәскеудегі шеру. Фото - gdb.voanews.com

Қайткен күнде де, бұл жайт Мұсылман бірегейлігінің (Muslim Identity) мықтылығын көрсетеді.

Мәселен, Мәскеудегі мұсылман қаумының Мьянма елшілігі алдындағы  рұқсат етілмеген шеруге шығуы мұсылмандар бірлігінің бүкіл әлем бойынша жылдан жылға нығайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай саяси билікке белгілі бір белгі болуы тиіс.

- Мьянмадағы жағдайға Қазақстанның теориялық тұрғыда қатысу мүмкіндігі бар ма? 

- Мьянмадағы жағдайға қазақстандықтар, әрине, тікелей қатыса алмайды. Бұл шиеленістің аумақтық, этностық және діни астарлары бар: түп-тамыры сонау отаршылдық кезеңге кетіп жатқан өте күрделі мәселе. Сондықтан, бұл қақтығыс тек жоғары деңгейде, бірнеше тіріптың қатысуымен саяси келіссөздер арқылы шешілуі тиіс. Қазақстан қазіргі таңдағы көптеген өршіп тұрған жанжалдардың бейбіт жолмен шешілуіне үлесін қосып келеді. Онымен қатар ,еліміздегі саяси басшылық соңғы жылдары діни факторға жіті көңіл аударуда.

Сондықтан елімізде мұсылман жамағатын мемлекеттік және ұлттық құрылыстан шеттетіп, маргиналдық топ етіп қарастыру өте қауіпті.

- Еліміздегі діндар адамдардың құқығы қалай қорғалуы тиіс?

- Еліміздегі барлық діндар адамдардың құқықтары тең дәрежеде қорғалуы үшін негізгі зайырлылық қағидаттары қатаң сақталуы тиіс. Өкінішке қарай, Ирак, Сириядағы соғыстарға көптеген отандастарымыздың әлі де аттанып жатқаны белгілі. Халықаралық радикалдық ұйымдар қазіргі таңдағы ақпараттық технологияларды өз қатарларына адамдар тартуда тиімді қолдануда. Бұл жайт сол жерлерге кеткен біздің азаматтарымыздың тек діни сауатсыздығынан ғана болып жатқан жоқ.

Қазақстандағы зайырлы институттардың нашар жұмысы, жалпы мемлекеттік идеологияның дін алдындағы әлсіздігі мен тартымсыздығы - сыртқы күштер үшін діни факторды өз мүдделеріне ұтымды қолдануға мүмкіндік беретін жайттар.

Дегенмен, қазір біздің қоғамымызда діни фактордың күшеюіне байланысты моральдық құндылықтар арасында белгілі бір қайшылықтар да туындап отырғанын айта кетуіміз қажет. Бұларға мұсылман киімі, оның мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар орындарда көрініс беруі, намазханалар және т.б. жатқызуға болады.

Бұл аталған мәселелер тек Қазақстан қоғамына ғана қатысты емес, сонымен қатар көптеген дамыған, либералдық еуропалық қоғамдарда да қызу пікірталастар мен дау-дамайлар туындатып жатыр.

Елдегі саяси билік, үкіметтік және діни институттардың азаматтық қоғам мен ондағы рухани мәдениетті қалыптастырудағы рөлдері тең болуы қажет.

Зайырлы және ислами құндылықтар арасын тепе-тең ұстау ешқашан да оңай болмаған. Сол себептен, діндар адамдардың құқықтары бірінші кезекте зайырлылық қағидаттар аясындағы заңға сүйену арқылы қорғалуы тиіс. Екіншіден, бұл дін ұстанушылар қоғамдық және мемлекеттік маңызды іс-шаралар мен қызметтерден алшақ болу керек дегенді білдірмеуі қажет.


Мақала авторы: Сырым Иткулов

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть