Жарияланды: 290

Мысырдағы туристер елге жылап оралды

Мысырға барған қазақстандық туристер аман-есен елге оралды. 300-ге тарта саяхатшы мінген соңғы рейс түнде Алматы әуежайына қонды. Қауіпті аймақтан шығарылған азаматтарды туған-туыстары күтіп алды. Ал пирамидалар елінде Ресей ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қазір қауіпсіздік шарасы күшейтілген. Тіпті туристерді демалыс орындарына әскерилер арнайы күзетпен апарып жатыр дейді Мысырдан оралған отандастарымыз.   

Мысырдың Шарм-әл-Шейх қаласынан аман оралған азаматтардан аса бір алаңдаушылық байқалмайды. Барлығы демалысты ойдағыдай өткізіп келгендеріне риза. Десе де, ресейлік ұшақ апатқа ұшырағаннан кейін қала көшелерінің қаңырап, жағажайлардың жым-жырт болып қалғанын айтып отыр.

Серік Әбдірахманов:

-Турист қалмады. Азайып жатыр. Украина, Польша келіп жатыр. Қалған елдердің бәрін тоқтатып жатыр.

Туристердің айтуынша, қазір Мысырда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Шетелден барған туристерді демалыс орындарына әскерилер арнайы күзетпен апарады екен. Тіпті тәртіп сақшылары көшелерде күндіз-түні кезекшілікке тұрып, барлық жерлерге бақылау бекеттерін орнатқан. Осының бәрін көзбен көрген туристердің кейбірі ұшаққа мінуден жүрексініп қалғандарын жасырған жоқ. 

Светлана Литвина:

–Шындығын айтсам, ұшаққа мінер сәтте біраз қобалжыдым. Демалыс деген аты болмаса барлық жағдайға дайын жүрдік. 

Әрине, әуежайда да қауіпсіздік шарасы күшейтілген. Мысыр сақшылары әрбір жолаушының қалтасына дейін қарап, жүктерін ашып тексеруде. 

Қазір пирамидалар еліне ағылатын саяхатшылардың саны сап тыйылған. Себебі Ресейлік А321 ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін көптеген шетелдіктер бұл елге барудан бас тартып жатыр. Тіпті біздегі әуе компанияларының да Мысырға ұшуына уақытша тыйым салынды. Бұл шектеулердің әзірге қанша уақытқа дейін жалғасатыны белгісіз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін