Жарияланды: 30

Несие өтеу акциясы қашан аяқталады?

Несие өтеу акциясы қашан аяқталады?

Бүгін 5 санаттағы тізімге енбейтін азаматтардың да несиелері өтеліп жатқаны айтылды. Дегенмен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова бұны жоққа шығарып, тізімнің тексерілгенін алға тартты.

«Олар тексерілген. Біріншіден, жаңағы тізімді құрастырғанда оған төлемдерді алып отырған азаматтарды ғана кіргізгенбіз... Бұл тізім жабылмайды. Тағы да айтарым, мемлекеттік органдардың ақпарат жүйесінде толық мәліметтің жоқтығы бізге кедергі келтіріп отыр. Біріншіден, мына Әділет министрлігінде неке туралы мәліметтер 2008 жылдан бастап цифрлық түрде, ал 2008 жылға дейін қағаз түрінде жасалған. Сондықтан, 5 санатқа жататын азаматтар жаңағы мәліметті Әділет министрлігінің ақпарат жүйесіне цифрлық түрде енгізуі керек. Сосын ол мәлімет біздің министрлікке автоматты түрде келгеннен кейін оны тізімге қосып, борышын өтеу үшін Ұлттық банктің ақпарат жүйесіне жібереміз. Яғни, әлі де кеш емес. Қосымша тізім қабылданады», - деді Жақыпова.

Вице-министрдің айтуынша, бұл акция нақты бір датамен шектелмеген. 

«Егер адам 5 санаттың біріне жататыны туралы құжаттарын жыл соңына қарай ұсынса да, тізімдер жасалады. Дегенмен, әрине жылдам әрекет еткені өзіне де жақсы», - деді Светлана Жақыпова ОКҚ брифингі барысында.

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі халықтың «мен неге тізімде жоқпын?» деген сұрағына жауап берген болатын. Ал Ұлттық банк қара тізімге қатысты түсініктеме берген еді.

Атап өтсек, 26 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлыққа сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейді. 300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтейді. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін