Н.Назарбаевтың бұрын-соңды жарияланбаған қазақ тіліндегі шығармалары мен айтқан сөздері енген жинақ басып шығарылды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Н.Назарбаевтың бұрын-соңды жарияланбаған қазақ тіліндегі шығармалары мен айтқан сөздері енген жинақ басып шығарылды

Н.Назарбаевтың бұрын-соңды жарияланбаған қазақ тіліндегі шығармалары мен айтқан сөздері енген жинақ басып шығарылды

Бүгін Астанада «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты жинағының тұсауы кесілді.

  • 29 Маусым 2011
  • 1023
Фото - Caravan.kz

«Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бірлескен жобасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды.

«Елбасы және мемлекеттік тіл» жинағының жалпы редакциясын басқарған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлының айтуынша, кітапқа еліміздің 20 жыл ішіндегі мемлекеттік тіл саясатының негізгі бағыттарын танытатын құжаттар енгізілді. Солардың арасында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттік тіл — қазақ тілі жайлы сөйлеген сөздері, оның тікелей басшылығымен қабылданған нормативтік құжаттар, заңдар мен бағдарламалар, әртүрлі басқосуларда жасаған баяндамалары, ел халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында тілге қатысты айтқан ұсыныстары мен ойлары және тағы басқалар топтастырылған. Сонымен бірге, жинақта Елбасының қолдауымен өткен шараларда тіл жанашырларының, тәлімгер ғалымдардың жасаған баяндамалары қоса берілген.

«Оның ішінде Елбасының бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген шығармалары да бар. Атап айтқанда, Елбасының «Қазақ тілі» қоғамының 1992 жылғы екінші құрылтайында сөйлеген сөзі, «Қазақ тілі» қоғамының Президентке «Ана тілінің айбары» атты айрықша белгісін тапсыру сәтіндегі сөзі, 2005 жылы ел президенттігіне үміткерлердің қазақ тілінен сынақтан өтуі кезінде жазған шығармасы тұңғыш рет баспа бетін көріп отыр», — дейді ол.

«Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны ұстап тұру да оңай емес. Бұған үлкен қажыр-қайрат сонымен қатар, кемел ақыл-парасат та қажет. Осыған ұйытқы болар тұлғалар қажет. Тәуелсіздікке тірек болар тұғырларды түгендеу қажет. Солардың ішіндегі бастысы — ана тілі. Мемлекет тұтастығына, ел бірлігіне ұйытқы болар бар қасиет тілден табылады. Міне, тәуелсіздікке ұмтылған, тәуелсіздік алған елдердің алдымен тіл мәселесін қолға алатыны осыған байланысты. Өйткені ел тәуелсіздігі мен тіл тәуелсіздігі егіз ұғым. Біздің елімізде де аталған үрдіс тілден бастау алған. Содан бері қыруар істер атқарылды. Осы істердің барлығының да басы-қасында Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев тұр. Мемлекеттік тіл — қазақ тілінің жай-күйін Елбасы ешқашан да бей-жай қалдырған емес. Ұдайы бас-көз болып, тұрақты қамқорлық танытып келеді. Осыған байланысты Елбасының бастамасымен іске асырылған көптеген шараларға өзім тікелей куә болған адаммын», — деп түйіндеді сөзін Ө.Айтбайұлы.

2 мың дана көлемінде жарық көрген жинақтың басым бөлігі кітапханаларға, мектептер мен жоғары оқу орындарына, қазақ тілі орталықтарына тегін таратылатын болады.

Соңғы жаңалықтар