Нұрқатованы жұмыстан шығарған Сапарбаев аудан әкімдерін де аямайтынын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нұрқатованы жұмыстан шығарған Сапарбаев аудан әкімдерін де аямайтынын айтты

Нұрқатованы жұмыстан шығарған Сапарбаев аудан әкімдерін де аямайтынын айтты

Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысы әкімдігінде ауқымды  кадрлық тазалауды бастады. Мұнайлы өңірдің басшысы алдымен өзінің атышулы орынбасары Сара Нұрқатованы жұмыстан шығармақ. Бала-шағасын бастық қылып, басы дауға қалған шенеунік сол ұлы мен келінінің  соңынан әкімдіктен қуылғалы жатыр. Бүгін Астанаға келіп есеп берген Сапарбаев, шаруаны мандыта алмаған аудан әкімдерін де аямайтынын қатал ескертті. Ақтөбені шулатқан ауыс-түйістер жайлы Ербол Сейілхан толығырақ.

  • 25 Қараша 2015
  • 338
Фото - Caravan.kz

Есілдің сол жағалауынан өзіне бейтаныс өлке Батысқа ауысқан Бердібек Сапарбаевтың бұл Ақтөбе облысы әкімі ретінде Астанаға келіп алғашқы есеп беруі. Қызмет еткеніне екі айдан енді асса да, аймақтың тыныс- тіршілігімен толық танысып үлгергені байқалады. Бірақ, әкімді әзірше, істеген ісі емес, ұлы мен келінін бастық қылып тайраңдатып қойған өзінің орынбасары Сара Нұрқатова үлкен даумен танымал етті. Қоғамдық пікірдің ушығуынан секем алса керек, Сапарбаев 7 жыл бойы ешкімнің тісі батпаған Нұрқатованы жұмыстан шығаруға шешім қабылдапты.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Нұрқатова  өзінің қателігін түсініп, 5-6 күн бұрын өз еркімен арыз жазды. Арызын мен Ақтөбеге барғаннан кейін толығымен қабылданады. Ол кісі өз еркімен қызметінен босатылады.

Жайлы орынтағынан айырлығысы келмей, көп тірескен 59 жастағы Сара Нұрқатовадан соң шешесінің арқасында бас айналдырарлық карьера жасаған 28 жастағы Максим Чаркин де өз еркімен арыз жазып облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасарлығынан кеткен. Күйеуінен кейін іле шала,Нұрқатованың келіні Алуа Қасымова да Жастар саясаты жөніндегі облыстық басқармасының орынбасарлығынан бас тартты. Қысқасы, атақты шенеуніктер отбасы әкімдіктен қуылып отыр. Сонымен қатар, Нұрқатова жетекшілік еткен сала — Ішкі саясат басқармасының басшысы Зәпен Жұмабаева мен Мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова да қызметінен алынды. Былыққа батқан Білім басқармасының жетекшісі Жанат Самұратованың да креслосы шайқалып тұр. Ендігі кезек алды 18 жылдан бері тақтан түспей отырған аудан әкімдерінде.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

-Менің айтқаным бұлай болды, жылдың аяғына дейін уақыт берілген. Егер берілген тапсырмаларды жылдың аяғына дейін орындаса, жұмыс істейді. Орындамаса, орнынан босайды аудан әкімдері.

Осылайша, Ақтөбе облысы әкімдігінің шаңын қағып жатқан Сапарбаев бұған дейінгі әкімдердің өмірі аяғы тиіп көрмеген шалғай ауылдарға дейін барып, қалғып мүлгіп отырған шенеуніктерді қалың ұйқысынан оятуда. Себебі шылқыған мұнайдың үстінде тұрса да жұрттың мұңы көп. Жұмыссыздық, жолдың нашарлығы халықты әбден діңкелетіп отыр.

Нұрқатова мандыта алмаған ең қиын әлеумет, білім, денсаулық, ішкі идеология сынды салаға Сапарбаевтың кімді орынбасар етіп тағайындайтыны белгісіз. Ал бірінен соң бірі аяқ-асты орынтақтарын босатып жатқан ақтөбелік шенеуніктерден соң бүгін облыстың бас имамы да күтпеген жерден қызметінен кетті. Жаппай кадрлық ауыс-түйіс жаңа жылдан соң да жалғасуы мүмкін. Себебі Сапарбаев қолынан іс келмейтін шенеуніктерді біржола әкімдіктен қуғалы отыр.