Нұрсұлтан Назарбаев базардағы бағаны жеке өзі тексеретінін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нұрсұлтан Назарбаев базардағы бағаны жеке өзі тексеретінін айтты

Нұрсұлтан Назарбаев базардағы бағаны жеке өзі тексеретінін айтты

Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы өзгерістерді халыққа дұрыстап түсіндіре алмайтын министрлерге шүйлікті.  Бюджет ақшасын үнемдей алмайтын ысырапшыл Үкіметтің жұмысына да көңілі толған жоқ. Министрлерін кабинетін түгел Ақордаға шақыртып кеңес өткізген президент елде азық-түлік құнының негізссіз өсуіне жол берілмейтінін мәлімдеп, базардағы бағаны тексеретінін қатал ескертті.  Тіпті бүгін Елбасыға  ақшаны қалай үнемдеу керектігіне дейін   үйретуіне тура келді.

  • 19 Қараша 2015
  • 224
Фото - Caravan.kz

Арқаның аязды күні премьер Мәсімов бастаған министрлер кабинеті  сүліктей қара көліктерімен Ақордаға ағылып жатыр. Соңғы айларда Үкімет мүшелері, күш құрылымдарының жетекшілері, ұлттық компаниялардың басшылары жеке-жеке президент кабинетінде болып, есебін беріп тапсырма алып шыққан. Бұған қарамастан  бүгінгі жиында экономика мен қаржыға жауапты министрлерден бөлек, таяқтың ұшы мемлекет активтерін уысында ұстап отырған «Самұрық-Қазынаның» басшысына қаттырақ тиді. Өмірзақ Шөкеев алдымен шетелден көп менеджер шақыруға әуестеніп кеткені үшін сыналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Олардың барлығы келетін болса, сендер неге керексіңдер?Соларға беріп қойып отырсыңдар? Сендердің керектерің жоқ. Сауат білмей ме жаңағыны жасауды, ұңғымалардың  қуатын қалай арттыруды білмейсің бе?  

Алайда, Шөкеев топ-менеджерлердің айлығымен бірге жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған ұлттық компанияларды жаппай  қысқартып, біріктіріп, жекеге сатып жатқанын айтып ақталды. «Самұрық-Қазынаның» шығындарын 519 миллиардқа кеміткенін, енді қордың шетелдегі тиімсіз 33 өкілдігін жабуға күші жетпей отырғанын ашық мойындады. Тіпті президенттен көмек сұрап, бұл іске құзырет беруін сұрағаны сол еді, Назарбаев оның өзін ұялтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

“Сені тыңдамай ма» ? Сен жассың, білімдісің, күшің тасып тұр, саған өкілеттілік берілді, қызметің бар, сен мені тыңдамайды деп шағымданбақшысың ба? Тыңдаудың өзі ыңғайсыз. Кім тыңдамайды, ал айт? “Самұрық-Қазынада” Өмірзақты кім тыңдамайды?”

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы :

-Ол жерде мүдде жетерлік, маған сіздің бір ауыз сөзіңіз керек, болды.

Президент бүгін  ұлттық экономика мен  қаржы министрлері  Ерболат Досаев пен Бақыт Сұлтановты да аяған жоқ. Себебі әлемдік дағдарыс, мұнай мен газға бағаның түсуіне қарамастан бюджет ақшасын орынсыз шашу тыйылмай отыр. Еліміздің бас есепшісін орнынан тұрғызған Елбасы оның кемшілігін бетіне басты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

“Егер бізде жөні дұрыс Қаржы министрі болғанда, ол әрбір тиынды бақылап отырар еді. Ал сен сұрғанға бере бердің. Мен саған мемлекеттің қазынасын сеніп тапсырдым, ал сен – мемлекеттің қалтасысың. Мемлекеттің қазынасы мен қаржысын бақылап отыратын менің жеке өкілімсің”, “Сендер мемлекеттің есебінен бәрің мейірімдісіңдер. Одан да Жәмішевті қойсақ, ол ешкіммен де сөйлеспейді. Бәлкім  Жәмішев кейбіріне ұнамайтын шығар, маған да кей-кездері ұнамай кетеді, алайда оның тіке адам екені рас. Мемлекет мүддесі үшін сақтайды.

 «Ақшаны үнеммен  жұмсайды» деп мақталған Болат Жәмішов енді Қаржы министрі болып қайта тағайындалуы әбден мүмкін. Себебі доллардың қымбаттап, теңгенің құнсыздануынан экспорт азайып, ішкі жалпы өнімнің баяулағаны байқалады. Осы кезде азық-түлік, жанармай мен дәрі -дәрмекке  бағаны қасақана көтеріп, пайда табуды көздегендер көбейген. Мұндай алыпсатарларды жазалауға пәрмен берген Елбасы елге инвестор тартудың әлі дұрыс жолға қойылмағанын сынға алды. Ал бұл шаруаға атсалысуы тиіс шетелдегі елшілер ұйықтап отыр.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Сыртқы істер министрлігі де  айналысуы тиіс. Басқа немен айналыспақ? Біз әлемдік саясат пен дипломатияны айқындайтын держава емеспіз. Бізде қайда барсаң да елшілер немен айналысатынын білмейді. Өз істерін, экономиканы тіпті де білмейді

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі экономикадағы ахуалды құртына қанат бітіп жатқанда қатты ауырсынып, артынан осы қанатының арқасында ұшып шығатын көбелекке теңеді. Дағдарысты уақытша құбылыс деп атаған мемлекет басшысы орынсыз дүрлігу опық жегізетінін  айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ел аман жұрт тыныш. Өз шаруаларын жасап жатыр. Дастарханында тамағы бар, басында үйі, астында машинасы бар. 550 жылдығын қазақтың атап өттік қой, айтшы. Арыстанбек, 550 жылдың ішінде, қазақ дәл осылай өмір сүрді ме, 1 күн?

Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет министрі :

-Енді Нұрсұлтан Әбішұлы, шынын айтқанда бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой. Сен жауап бер сұрағыма?. Тәуелсіздіктің сіздің арқаңызда. Ертең мына сөзіңнен кейін даулассын сенімен ағайындар.

Елбасының сауалына «бақытты елде өмір сүріп жатырмыз» деген Мәдениет министрі жиыннан сын естімей шыққандардың бірі болды. Ал экономика мен қаржыға  жауаптыларды  2 жарым сағат бойы сілкіген Нұрсұлтан Назарбаев бүгін мемлекеттік қызмет туралы заңға қол қоймай, Парламенке қайтарып жіберді. Енді зейнет жасына жетсе де, орынтағынан айрылғысы келмейтіндер портфелімен қош айтысуы мүмкін. Шектеудің тек президент тағайындайтын саяси қызметкерлерге еш қатысы жоқ.