Лауазымды шенеуніктерді есепке алмағанда, Ақордаға кедергісіз кіретіндердің қатарында елшілер бар. Мәртебелі меймандарға президент резиденциясының дәл алдына көлігімен тоқтауға рұқсат етілген. Қымбат темір тұлпарларынан түскен бұл адамдар сырт көзге сабырлы көрінгенімен, іштей мазасыз. Себебі олар еліміздегі саяси-экономикалық өзгерістерді ұдайы бақылап, Үкіметіне есеп беруге міндет алған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев болса, дипломаттарға жақында Жолдауында жариялаған стратегиялық жоспарын ашық әңгімелеп, тіпті Украинадағы жағдайға қатысты да пікірін білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Естеріңізде болса, Кеңес Одағы кезінде, Украина Ресейден кейінгі қуатты ел болатын. Бүгін Украина экономикасының көлемі Қазақстанмен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Бұлай болуы тиіс емес еді. 50 млн халқы , қуатты экономикасы бар, мемлекет ретінде, әуелі экономикамен айналысу керек еді. Содан кейін ғана саясат болуы керек. Мен мұны жиі айтып келемін.
Украинаға әуелі әлеуметтік мәселелерін шешуге кеңес берген Елбасы биыл құрылатын Еуразиялық Одақтың төңірегіндегі алып-қашпа сөздерді тағы «негізссіз» деп атады. Тіпті болашақта одақ саяси ұйымға айналуы мүмкін екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
—Бүгінгі таңда ол тек таза экономикалық одақ. Көршілеріміз Ресей,Беларусьқа да бұл одақ керек. Тауараларымызды шығаратын нарық қажет. Бұл одаққа сенімсіздікпен қараудың орнына тиімді тұстарына терең үңіле білу қажет. Ал сынауға бәрі шебер ғой.
1 жарым сағат бойы әлемдегі ахуал мен Қазақстанның өркендеу жолы туралы айтқан Нұрсұлтан Назарбаев қонақтарды түскі асқа шақыруды да ұмытқан жоқ.
Шай мен қымбат шарап. Мол дастарханнан дәм татқан дипломаттарға президент жергілікті өнімнен сарқыт ретінде Алматының апортынан ұстатып жіберді. Есік аузынан меймандарды Сыртқы Істер министрі ерекше ілтипатпен шығарып салып жатыр. Сөйтіп аязда қалың киініп, қазақтың қонақжайлылығына тәнті болған елшілер Ақордадан көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
-Жылы жымиып жүріп,стратегиялық жоспарды тап-тұйнақтай етіп жазып алған елшілер Ақорданың жолдауын енді өз елдеріне жеткізуі тиіс. Бұл екі жақты байланыс орнату үшін өте маңызды. Ал барлық мемлекетпен қарым-қатынасты өркендетуге дайын отырған ресми Астана сыртқы саясаттағы көпвекторлық бағытын жалғастыра бермек.