Тәуелсіздік сарайының алдында құдды бір қымбат көліктердің көрмесі өтіп жатқандай. Бірақ бұл көрме емес, осында 3 күннен бері аузы дуалы сарапшылар, Нобель сыйлығының лауреаттары, экс-президенттер мен министрлер жаһандық экономиканың проблемаларын талқылауға келген. Ұйқы қысса да, қонақтар сағаттап пікірталастыруға бар. Әркім өз ұстанымын дәлелдеп бағуда. Бұған қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың өз айтары бар. Елбасы долларға деген тәуелділіктен арылып, жаңа валютаға көшуді тағы ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
— Әлем бір ғана валюта долларға тәуелді. Барлық жерді доллар жаулап алды. Сол ақша АҚШ экономикасын "асырап" отыр. Барлық қаржылық операциялар, Нью-Иорк арқылы жүргізіледі.
АҚШ пен Еуроодақтың санкция саламыз деп жиі айбат шегуі де сыналды. Өйткені экономиканың дамуына саясат кесірін тигізбеуі тиіс. Оның үстіне санкциядан жекелеген мемлекет емес, бір-бірімен біте қайнасқан барлық ел зардап шегеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Экономикаға тұсау салатын санкциялар дегенді қалай түсінеміз?! Бұл — экономика үшін қолбайлау. Дамуды тежейді. Бір-біріңе суып, тараптар арасында алауыздық орнауы мүмкін. Саясатпен айналыс. Бірақ экономиканың қатысы қанша?
Сондықтан 70 жыл бойы мызғымаған әлемдік қаржы жүйесін өзгерту керек. Жаһандық экономиканың көк қағазға жіпсіз байлануынан дағдарыс қайталанып жатыр. Оның үстіне бай мен кедейдің арасы алшақтап барады. Әлемнің 40 пайыз байлығы жеке қолға өтіп кеткен. Осы кезде, 1 жарым млрд адам күніне 1 долларға өмір сүреді. Ішерге асы, киерге киімі жоқ. Осылай жалғаса беретін болса адамзат орта ғасырға қайта оралуы мүмкін. Ал бұл түйткілдерді көтеруі тиіс халықаралық ұйымдар қауқарсыз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Украинадағы қақтығысты шешуде ОБСЕ әлсіздік танытып отыр. Оның себебі саяси ұйым өз ішінде реформа жүргізуге ерік жігері жетпей отыр.
-Экономикадан бастап саясатқа дейін талқыланған форумда, жарлы мен байды қалай теңестіру керек деген сауал төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Ал доллардың орнын қандай валюта басатыны әзірше белгісіз. Қазақстан президенті болса, әлемдегі кедейшілік пен жұмыссыздықпен күресу үшін арнайы жол картасын әзірлеуді ұсынды. Ол жер жаһандағы адамдардың жұмыс тауып, жайлы өмір сүруіне жағдай жасауы тиіс.