Жоғары дәрежелі кездесулер БҰҰ мен аймақтық ұйымдар, соның ішінде субрегионалдық құрылымдар арасында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамсыз ету мақсатындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға түрткі болу мақсатымен 1994-жылдан бері өткізіліп келеді. Соңғы кездесулерде БҰҰ мен аймақтық ұйымдар арасындағы өзара тығыз байланысты сала болып табылатын қайшылықтардың алдын алу және бейбітшілік орнату бағытындағы басшылыққа алынатын ынтымақтастық принциптеріне баса назар аударылды. Өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан алдағы кездесулерді халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлерге , соның ішінде халықаралық лаңкестік тақырыбына арнауды ұсынған болатын.
Алдағы кездесуде БҰҰ жүйесіндегі 40-тан астам аймақтық ұйымның басшылары қатысады деп межеленген. Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы өкілдерінің жетекшісі Қ.Тоқаев кездесудің жалпы отырысында баяндама жасайды.
Сондай-ақ, Қасымжомарт Тоқаевтың Нью-Йорк сапарының бағдарламасында БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанмен, БҰҰ бас хатшысының орынбасары, транзиттік көлік мәселесі бойынша БҰҰ халықаралық министрлер конференциясының бас хатшысы Анварул Чоудхаримен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Ян Кубишпен, сондай-ақ, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджермен кездесулері жоспарланған.