Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалары жақсы насихатталған. Дегенмен ауылды жерлерге қаражаттың жетіспеушілігі байқалып отыр.
«Біз кешегі өткен съезд қарсаңында Төралқа басшысы Т. Құлыбаев мырзамен бірге барлық өңірлерді аралап келдік. Әсіресе ауылды жерлерде айтылып жатқан мәселе — қаржы жетіспеушілігі. Қазіргі мемлекет жасап отырған бағдарламаларды барлығы түсініп отыр. Елбасы саясатын да қолдап отыр. Тек қаржының жетіспеушілігі ғана қол байлау болуда. Мұның барлығын біз Үкімет басшысына барлық өңірлерден келіп түскен сараптамаларымызды ұсынатын боламыз. Үкімет басшысы 7-15 шілде аралығында барлық облыстарды аралайды, сол сапардан келісімен, 15 шілдеде Үкіметтің арнайы жиынында осы мәселелерді талқылайтын боламыз», — деп атап өтті А. Мырзахметов.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасымен Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып көптеген жұмыстар атқарды. Соның ішінде рұқсат беру жүйесінде заң қабылданып, ендігі жерде рұқсат беру жүйесіндегі барлық жұмыстар бір заң бойынша қаралатын болады. Кәсіпкерлердің әр жерде жүріп, қыруар қағаз жинауға мәжбүр болатын қағазбастылығы жойылатын болады.
«Екінші үлкен мәселе, Елбасының жарлығымен тексеру мәселесі тоқтатылды. Сол мараторий кезеңінде биылғы 1 қыркүйектен бастап біз Үкіметпен бірлесе отырып Парламентке бірқатар заң жобаларын енгізуіміз керек. Енді жоспарлы түрде тексерулер мүлдем болмайды. Бұдан былай тек белгілі бір жерде төтенше жағдай, мәселен өрт шығып, апат болса ғана немесе адамдардың тамақтан улануы болып жатса, компьютерлік түрде бағалау жүргізіліп, тиісті органдар сол мекемені ғана тексереді», — деп атап өтті А. Мырзахметов.