Жарияланды: 560

«Оңтүстік» АЭА бір жылдан кейін шикі мақтаны толық өңдей алады

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) бір жылдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілген шикі мақтаны толығымен өңдеуге қабілетті болады. Бұл туралы ҚР парламентінің мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП фракциясының жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында белгілі болды.

«Бүгін бізге мақта өңдеуді екі есеге арттыруға мүмкіндік беретін технологияларды көрсетті. Қазір ОҚО-да орташа есеппен 500 мың тонна шикі мақта өсіріледі», - деді кеңестің төрағасы Кенжегали Сағадиев жұма күні Шымкентте «Оңтүстік» АЭА базасында өткен көшпелі отырыста. «АЭА-дан тыс жұмыс істейтін кәсіпорындарды ескергенде, облыс өсірілген мақтаны толығымен өңдей алады», - деп мәлім етті депутаттарға ОҚО әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов. Оның айтуынша, АЭА аумағында мақта жібін шығаратын фабрика, гидроскопиялық мақта мен карбоксиметилцеллюлоза өндіретін зауыт жұмыс істейді. Биыл тігін фабрикасы мен мата шығаратын кәсіпорын салынады. К. Сағадиев АЭА-ның даму қарқыны оң әсер қалдырғанын, мәжілісмендер аймаққа алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсететінін айтты. «Үкіметтің назарын шешуші қажет ететін проблемаларға, заңнамалық қамтамасыз етуге, қазақстандық мазмұнды арттыруға, кадрлар даярлауға аудару керек», - деді депутат. «Оңтүстік» АЭА-ның басты міндеті қазақстандық мақта-тоқыма кластерін, шикі мақта өсіруден бастап, одан дайын өнім өндіруге дейінгі толық технологиялық тізбек құру болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть