Жарияланды: 300

Оңтүстік Кореядан жұмыс тауып беруге уәде берген алаяқ ұсталды

Оңтүстік Кореядан жұмыс тауып беруге уәде берген алаяқ ұсталды

Алматы тұрғыны Оңтүстік Кореядан жұмыс тауып беретіні туралы жалған уәде беріп, 85 қазақстандықты алдаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Алматы қаласы Бостандық ауданы ІІБ қызметкерлері 1983 жылы туған А.Суженкоға қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен қылмыстық іс қозғады.

«Тергеу барысында белгілі болғандай, Суженко Оңтүстік Кореядан «жұмыс тауып» берумен айналысқан. Бұл қызметі үшін ол азаматтардан 500 мың теңге алған. Клиенттеріне Кореяда айына 2500 АҚШ доллар жалақы төлейтін зауыттан жұмыс тауып беретінін айтып, ақша алып келген. Оған қоса, Суженко тіл, кәсіби біліктілік талап етілмейтінін айтып, сендірген. Оның бұл ұсынысына Қазақстанның бірнеше қаласынан адамдар хабарласып, «қармағына» ілінген. Алайда, ол ақша алған адамдарының ешбірін де жұмысқа орналастырмаған», - дейді Бостандық аудандық ІІБ-нің басшысы подполковник  Дінмухамед Әуелхан.

«Қазіргі уақытта біздің бөлімге 85 адам арызданды. Тергеу барысында бұл іс бойынша зардап шегушілердің саны артуы мүмкін. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190 бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Суженконың әрекетінен жапа шеккендер болса, 298-52-80; 298-52-81 және 298-52-82 телефондарына хабарласуды сұраймыз. Күдікті Алматы қаласы ІІД уақытша тергеу оқшаулағышына қамалды», - деді ол.   


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін