Биылғы жылы ҰБТ қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының мектеп бітірушілері жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, орташа балл 78,7-ні құрады.
Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов республика бойынша ҰБТ-ны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені әрі жоғары көрсеткішке ие болғаны үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен өңірдегі педагогтарға Алғыс хатын жолдады.
Аталған хатта: «ҰБТ нәтижесі оңтүстікқазақстандық педагогтардың жоғары кәсібилігі мен жаңашыл тәжірибесін және жақсы дәстүр сабақтастығын дәлелдейді. Мектеп бітірушілердің қол жеткізген табыстары облыстың мұғалімдері мен оқушыларының шығармашылық жұмыспен айналысуы үшін мемлекеттің қолайлы жағдайлар жасауының нәтижесі болып табылады.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының педагогтарына өскелең ұрпақты лайықты оқытуға үлес қосып, ҰБТ-ға мектеп бітірушілерін дайындауға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіреді.
Оңтүстік Қазақстандағы барлық педагогтарына шығармашылық табыстар мен жаңа жоғары жетістіктер тілейміз», — делінген.