Жарияланды: 1800

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауған соғысының ардагерлері мәслихат депутаттығына өз қатарларынан кандидат ұсынуда

Оңтүстік Қазақстан облыстық Ауған соғысы ардагерлерінің Одағы өз қатарларынан облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына кандидат ұсынуда. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері Одағының баспасөз хатшысы Ирина Глушко хабарлады.

Үш үміткердің есімі қалалық мәслихаттың, тағы бірі облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. Барлық үміткерлер үшін сайлау алдындағы ортақ платформа бекітілді. Онда ауған соғысы ардагерлерінің депутат ретінде тындыратын іс-қызметінің басты бағыттары мен принциптері айқындалған. ҚР Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері Одағының төрағасы Шәріп Өтегеновтың айтуынша, ауған соғысы ардагерлерінің облыстық және қалалық мәслихат депутаттығынан үміткер ретінде ат ұсынудағы ұстанған басты мақсаты - Ауған соғысында мерт болғандар, соғыс мүгедектері мен ардагерлерге ауыз толтырып айтарлықтай көмек-жәрдем көрсету болып табылады. Өйткені, соғыс ардагерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, дәрігерлік көмек көрсету және соғыс зардабынан психологиялық сауықтыруда оларға өздерінен өзге ешкім де көмек бола алмайтынын уақыт көрсетіп берді. Ш.Өтегеновтың айтуынша, 1999-жылғы сайлауда Ауған соғысы ардагерлерінің тарапынан қолдау тапқан қазіргі халық қалаулыларының арасынан ауғандықтарға берген уәдесін күні бүгінге дейін бірде-бір депутат тіпті қаперіне де алмаған. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2 мыңнан астам ауған соғысының ардагерлері тұрады. Жалпы алғанда Ауғанстандағы соғысқа Оңтүстік Қазақстан облысынан 2186 адам қатысып, олардың 65-і мерт болса, 3 адам хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында .

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть