Жарияланды: 390

ОҚО кәсіпкерлерін заңсыз тексерулерден прокуратураның мобильді топтары қорғайды

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мобильді топтары кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғайды, деп хабарлайды прокуратура.

«Жыл басынан бері мобильді топтардың сенім телефондарына кәсіпкерлік субъектілерінен 13 хабар түскен, олар бойынша тексеру жүргізілді», - деп мәлім етті ОҚО прокурорының орынбасары Алмат Байшолақов. Бұл тексерулердің қорытындысы бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізген 6 заңсыз тексерудің жолы кесілді, 3 адам тәртіптік жазаға тартылды. Тағы үш мемлекеттік қызметкер әкімшілік жаза алды. «Яғни, 13 кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды», - деді А. Байшолақов. Мысалы, Алматы-Ташкент күре жолында ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері «Метал-Мега» ЖШС-інің жүк көлігін тоқтатып, айыптұрағына қойып қойған. «Автокөлік контрабанда жасады деген күдікпен ұсталған. Ал тәртіп сақшылары ұстау, тексеру және қылмыстық-процессуалдық кодекстің басқа да талаптарын сақтамаған», - деді А. Байшолақов. Бұған қоса, кедендік бақылау департаменті қылмыстың құрамы жоқ болғандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Жүк артылған автокөлік құжаттарымен бірге «Металл-Мега» ЖШС-інің өкілдеріне қайтарылды. «ОҚО ІІД ҰҚКБ аға оперативті қызметкеріне сөгіс жарияланды», - деді прокурор.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін